Боксшыларымыз биыл қандай бәсекелерде бақ сынайды?

Боксшыларымыз биыл қандай бәсекелерде бақ сынайды?
Фото: Данияр Майлыбаев

Бокстан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов 2017 жылғы халықаралық турнирлерге қатысатын боксшылардың есімін жариялады, - деп хабарлайды Vesti.kz сайтының қазақ бөлімі.

Мырзағали Құланұлының айтуынша, биыл біздің боксшылар төрт халықаралық бәсекеге қатысады екен. Сонымен қатар маусым айында Астанада өтетін Президент кубогында бақтарын сынайды. Бұл турнирлерге дайындалу үшін құрама жаттықтырушылары ел біріншілігінде топ жарып, үздіктер қатарына іліккен 30-дан аса боксшыны шақыртқан. 

Биыл өтетін халықаралық турнирлерге келесі боксшыларымыз қатысады: 

Болгарияда өтетін турнирге: Ержан Жомарт, Азамат Исақұлов, Нұрбол Қалжанов, Әділет Құрметов, Абылайхан Жүсіпов, Тұрсынбай Құлахмет, Қамшыбек Қоңқабаев.

Германияда өтетін турнирге: Нұрбол Қалжанов, Садриддин Ахмедов, Тұрсынбай Құлахмет, Бекзат Нұрдәулетов, Нұрлан Сапарбай.

Бакуде өтетін "Жібек жолы" турниріне: Аскат Жүсіпов, Олжас Байниязов, Серік Теміржанов, Аян Қалибеков, Илья Очкин, Бек Нұрмағанбет.

Тайландта өтетін турнирге: Шалкар Айқынбай, Азат Махметов, Жанболат Қадырбаев, Сұлтан Зәуірбек, Ділмұрат Мижитов, Асланбек Шымбергенов, Ерік Әлжанов қатысады. 

Айта кетейік, кеше AIBA академиясында құрамамыздың 2017 жылдағы бірінші оқу-жаттығу жиындары аяқталған болатын. Бұл жиын барысында құрамамыздың жаңа капитаны анықталды. Бұған дейін капитандық қызметті атқарып келген Данияр Елеусіновтің орнын Әділбек Ниязымбетов басты. 

Қазақстан құрамасының келесі жаттығу жиындары ақпан айына жоспарланған. Бұл жиынды біздің боксшылар Германия құрамасының былғары қолғап шеберлерімен бірге өткізеді. 

Сондай-ақ биылғы Азия чемпионаты 30 сәуір - 7 мамыр аралығында Джакартада (Индонезия) өтсе, әлем чемпионаты 25 тамыз - 3 қыркүйек аралығында Гамбургте (Германия) өтеді.

Ө. Сансызбай