"Барселона" Мессиге жылына 40 миллион еуро төлеуге келіспек

"Барселона" Мессиге жылына 40 миллион еуро төлеуге келіспек
Фото: sports.ru

"Барселона" команда көшбасшысы Лионель Мессиге жылына 40 миллион еуро төлеу туралы жаңа келісімшарт ұсынбақ. Бұл туралы италиялық тілші Танкреди Пальмери хабарлаған.

Осыған дейін батыстық басылымдарда каталондық клуб футболшыға 2022 жылға дейін келісімшарт ұсынатыны жазылған болатын. Ал Мессидің қазіргі келісімшарты 2018 жылдың жазында аяқталады. Бұл келісім бойынша аргентиналық футболшы жылына 22,8 миллион еуро жалақы алып келеді.

Футболшы жаңа келісімшартқа қол қояр болса, әлемдегі ең көп жалақы алатын отандасы Карлос Тевеспен теңеседі. Тевес жақында ғана Қытайдың "Шанхай Шэньхуа" командасына ауысқан еді.

Айта кетейік, Лионель Месси "Барселона" сапында ең көп жетістікке қол жеткізген футболшылардың бірі. Команда сапында 8 рет Испания чемпионы, 4 рет Испания кубогын жеңіп алды. Чемпиондар лигасының 4 дүркін жеңімпазы. УЕФА Суперкубогы мен клубтар арасындағы әлем чемпионатында 3 реттен жеңімпаз атанды.

Ө. Сансызбай