Қазақ балуандары Иранда жүлделі орыннан көрінді

Қазақ балуандары Иранда жүлделі орыннан көрінді
Фото: olympic.kz

Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасы Иранның Мешхед қаласында өткен «Тахти кубогы» халықаралық турнирінде үшінші орынға ие болды. Жарыс командалық түрде өтті.

Иранның әйгілі балуаны Голамреза Тахтиді еске алуға арналған халықаралық турнир жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Биыл бұл жарыс 37-ші рет жалауын желбіретті.

Еркін күрестен қазақ балуандары топта украин, қырғыз және ирак балуандарын жеңді. Жартылай финалда армян балуандарымен 4:4 есебімен тең түсіп, қосымша көрсеткіштер бойынша жол беріп алды. Үшінші орын үшін өткен белдесулерде отандастарымыз Иранның екінші құрамдағы командасын 5:3 есебімен жеңіп, жүлделі орыннан көрінді.

2017 жылғы «Тахти кубогы» боз кілем иелеріне бұйырды. Олар Армения құрамасының балуандарынан басым түсті.

Ө. Сансызбай