«Реалда» ойнаған футболшы Қазақстан премьер-лигасына ауысуы мүмкін

«Реалда» ойнаған футболшы Қазақстан премьер-лигасына ауысуы мүмкін
Фото: news.ivest.kz

2009 жылы әйгілі мадридтік «Реалда» уақытша ойнаған футболшы Жюльен Фобер спорттық мансабын Қазақстанда жалғастыруы мүмкін. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлады.

Францияның «Кан» мен «Бордо», Англияның «Вест Хэм» сынды клубтарында ойнаған футболшыға ел премьер-лигасына биыл қосылған «Алтай» командасы қызығушылық танытып отыр. 33 жастағы қорғаушы бұл күндері Шотландияның «Килмарнок» командасында ойнап жүр.

Жюльен Фобер мен «Алтай» клубы арасындағы келісімдер жүргізілуде екен. Келісімшарт негізі құпия сақталып отыр.

Айта кетейік, Жюльен Фобер мадридтік «Реалда» көп ойнаған жоқ. Бар болғаны екі ойынға ғана қатысқан. Ол «корольдік клубқа» уақытша ауысқан еді. Егер ойыны сәтті шығып жатса, келісімшарт ұсынбақ ниетте болған.

Ө. Сансызбай