Нұрбол Жұмасқалиев «Алтайға» ауысуы мүмкін

Нұрбол Жұмасқалиев «Алтайға» ауысуы мүмкін
Фото: vesti.kz

Жартылай қорғаушы Нұрбол Жұмасқалиев премьер-лигаға қосылған «Алтайдың» Түркиядағы алғашқы оқу-жаттығу жиынына қатысады. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлады.

35 жастағы футболшы Қостанайдың «Тобыл» командасында 16 маусым ойнады. Оның көп бөлігінде капитан болды. Нақтырақ айтсақ футболшы қостанайлық команда сапында 2000-2011 жылдар, одан кейін 2012 мен 2016 жылдар аралығында тер төкті. Командамен бірге 2010 жылы ел чемпионы атанды. Төрт рет күміс жүлдегер, үш рет қола медальды жеңіп алды. 2007 жылы Қазақстан кубогын иеленді.

2011 жылы жартылай қорғаушы команданың бас жаттықтырушысы Равиль Сабитовпен келіспей, бір маусым елордалық «Локомотивте» ойнаған еді. Сондай-ақ Орал футбол мектебінің түлегі «Ақжайық» пен «Жетісу» командаларында ойнаған.

Нұрбол Жұмасқалиев Қазақстан премьер-лигасында ең көп ойын өткізген футболшылардың көшбасшысы. «Тобыл» сапында 429 ойынға қатысып, 156 гол соққан. 2016 жылы команда сапында 27 ойынға қатысып, 4 рет мергендігімен көзге түсті.

Ө. Сансызбай