ФИФА жылдың үздік футболшысына берілетін сыйлықты таныстырды

О Сансызбай Корреспондент
ФИФА жылдың үздік футболшысына берілетін сыйлықты таныстырды
Фото ©️ vk.com

Халықаралық футбол қауымдастықтары одағы (ФИФА) жылдың үздік футболшысына берілетін «The best» сыйлығын таныстырды. Ұйым осы жылдан бастап бұл сыйлықты үздік ойыншыға табыстайтын болады.

БӨЛІСУ

«France Football» журналы 2016 жылдан бастап Халықаралық футбол қауымдастықтары одағымен (ФИФА) келісімін үзді. Нәтижесінде басылым «Алтын доп» иегерін өздері анықтаса, ФИФА «The best» сыйлығын табыстауды қолға алды.

ФИФА жылдың үздік футболшысын 9 қаңтар күні анықтайды. Бұл марапатқа ««France Football» журналының нұсқасы бойынша «Алтын допқа» ие болған Криштиану Роналду, сондай-ақ Лионель Месси мен Антуан Гризманн үміт-ті.

Қыздар арасындағы «The best» атағына 2015 жылғы әлемнің үздік ойыншысы америкалық Карли Ллойд, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, Германия құрамасының футболшысы Мелани Берингер және әлемнің бес мәрте үздік ойыншысы атанған бразилиялық футболшы Марта таласады.

2016 жылдың үздік жаттықтырушысы атағына Клаудио Раньери («Лестер»), Фернанду Сантуш (Португалия құрамасы) және Зиннедин Зидан («Реал») үмітті. Одан өзге марапаттау кешінде жылдың үздік голы, «Fair Play» сыйлығының лауреаты және әйелдер арасындағы үздік жаттықтырушы анықталатын болады.

ФИФА-ның марапаттау кешін «KazSport» арнасы тікелей эфирде көрсетеді. Салтанатты кеш Астана уақытымен 9 қаңтар күні сағат 23:25-те басталады.