«Астана" клубының әр қалада жанкүйерлері бар

«Астана" клубының әр қалада жанкүйерлері бар
Фото: astana.kz

«12 ойыншы» фан-клубы бір жыл бұрын, яғни өте аз уақытта құрылған ұжым. Елордалық команданың негізгі фан-клубын құрушылардың басты мақсаты «Астана» футбол клубын Қазақстан Премьер-Лигасы мен еурокубок ойындарында қызу қолдап, жанкүйерлік жасау. Артта қалған бір маусым ішінде «12 ойыншы» фан-клубы еліміздегі ең жарқын және танымал топтардың қатарынан табылып, Қазақстанның әр өңірінен өз қатарларына жанкүйерлер тобын жинауда. 2016 жылдың аяғында «12 ойыншы» өз дамуында ілгері қадам жасап, фан-клуб қоғамдық қозғалысы ретінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне ресми тіркелді. «12 ойыншы» фан-клубының құрылуы, дамуы, тіркелуі және тағы да басқа көптеген қызықты деректермен «Астана» футбол клубының ресми сайтына фан-клубтың негізгі көшбасшыларының бірі Азат Алшынбаев сұхбат берді:

– «12 ойыншы» фан-клубы бір-бірімен мүлде таныс емес жандардың тізе қосып бірігуінің арқасында құрылды деуге болады. Қазақстан Премьер-Лигасының кезекті ойынынан кейін Ілияс есімді жігітпен Айгүл деген ортақ досымыз арқылы таныстым. Сол кездесуден кейін фан-клуб құру идеясы келді. Бірінші кезекте Вконтакте әлеуметтік желісінде арнайы топ құрып, «Астана» футбол клубының ресми парақшасында бізбен үндес, пікірлес жандарды іздеуді бастадық. Нәтижесінде 12 адам табыла кетті. Біз алдымен арнайы кездесіп, танысып, кейін алдағы ойындарға жоспар құрдық. Әрқайсымыз өз міндетімізді барынша нақтылап, іске кірісіп кеттік. Маусымның басында командаға қызу қолдау көрсететін, фан-клубтың негізгі қозғаушы күші бола алатын 15-20 адам жиналып жүрдік. Уақыт өте келе санымыз бен сапамыз қатар артты. «Астананың» жеткен жетістіктері мен біздің елдегі бірнеше командалардың құлдырауы біздің қатарымызға Қазақстанның түкпір-түкпірінен көптеген жанкүйерлер алып қосты деуге болады. «Астанаға» жанкүйер болу сәнге айналды. Себебі, біздің команда еліміздің үздігі ғана емес, Қазақстан намысын Еуропада лайықты қорғап жүрген бірден-бір ұжым!

– Құрылған бір жылға қандай баға бересіз? Сіздер үшін маусым қалай өтті?

– Алғашқы маусым біз үшін өте керемет өтті. Біз «Астананың» ресми фан-клубына айналдық. «Астана» командасының Бас менеджері Саян Хамитжановтың шешімімен «12» нөмір жанкүйерлерге бекітілді. Еліміздің үздік командасы – еурокубок ойындарының топтық кезеңіне шығып, ел чемпионы атанып және Қазақстан Кубогында жеңіске жетіп, керемет сый жасады. «Астана Арена» трибуналарына барынша көп жанкүйер тарту біздің басты мақсатымыз. Өкінішке орай, «Астананың» халықаралық кездесулеріне көп жанкүйер жиналып, ел чемпионатында командамызға жанкүйерлік танытушылар саны күрт төмендейтін кездер болды. Сол себептен біздің алдағы басты мақсатымыз – «Астана» үшін Қазақстан Премьер-Лигасы ойындарына келетін, қолдау көрсететін жанкүйерлер санын көбейту. Әзірге біз ақсатымызға жете қойған жоқпыз. Алайда, осы қарқынымыздан таймасақ, көздегенімізге жететініміз анық.

– Қазіргі уақытта фан-клубқа тіркелгендер саны қанша?

– Бүгінгі күні қатарымызда Астана қаласынан тіркелген 100-ден астам адам бар. Біздің әр қалада жанкүйерлер тобымыз құрылып жатыр. Қазақстандағы басқа клубтармен салыстырғанда, «Астанаға» жанкүйерлік етем деушілер еліміздің кез келген өңірінен табылады. Тіпті, «Астананың» сырт алаңда алматылық «Қайратқа» қарсы өткізген ойынында командамызға қолдау білдіргісі келетін оңтүстік астаналықтар біздің секторымызға жиналған болатын. Олардың саны күннен-күнге артып та келеді.

– Фан-клубтың айқын құрылымы бар ма?

– 2016 жылдың желтоқсан айында заңды тұлға ретінде, фан-клуб қоғамдық қозғалыс ретінде ресми тіркелдік. Біз үшін алдағы уақытта демеушілер іздеп, ынтымақтастық орнатып, «Астананың» ойындарына қолдау жасауға және ойыннан тысқары уақытта көмектесуге бұл үлкен мүмкіндік береді. Фан-клуб негізгі құрамы 20 адамнан тұрады. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз анық! Біз алдыңғы маусымда жанкүйерлерді арнайы тіркеп, байланыс нөмірлерін жазып алдық. Кейіннен, вконтакте желісінде жанкүйерлердің тіркелуі үшін арнайы шкала құрған болатынбыз. Алдағы маусымда жанкүйерлерді тіркеумен мұқият айналысып, id нөмір мен клубтық карта беруді жоспарлап отырмыз. Тіркеуден өткен жанкүйерлердің басқа қолдаушылардан артықшылықтары болады, бірақ барлық «фишкаларды» сіздерге жария етпей тұра тұрайын. Ол алдағы 2017 жылғы маусымның тосын сыйы болады. Біз – «жақтаушылар» клубымызды түрлі қойылымдар, ұрандар және әдемі әуендер арқылы қолдаймыз. Біз – бұзақылық танытып, жанкүйерлер арасындағы талас-тартыс, төбелестерге араласпаймыз. Біз үшін ең бастысы – басқа клубтарға және олардың жанкүйерлеріне барынша құрметпен қарау. Біздің арамызда нәзік жандылар қатары көп болғандықтан, бос ауыз сөз бен боқауыз сөзге де жол бермейміз.

– Өткен маусымның «12 ойыншы» фан-клуб үшін ТОП-5 жаңалығын айта аласыз ба?

– Олардың алғашқысы – футболшымен жасаған авторлық сұхбат. Жанкүйерлердің Ненад Эричпен кездесіп, өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, солардың ішінен ұнаған сауал иесіне «Астананың» жейдесін өзінің қолтаңбасымен сыйлаған сәті әлі де есімізде. Осы маусымда да сол үрдісті жалғастырамыз. «Астана» ұжымымен бірігіп клуб әнінің мәтініне байқау жариялап, жеңімпазға PlayStation сыйға тарттық. «Астана» басшылығы қолдауының арқасында клубымыздың сырт алаңда өткізген ойындарына Алматы, Павлодар, Қарағанды және Көкшетау қалаларына барып, командамызды қолдаған болатынбыз. Команда ойыншылары біздің қолдауымызды сезініп, барған жерінен жеңіссіз және қажетті ұпайсыз қайтқан емес. «Астана» командасын Қазақстан Чемпионатының алдын жүлдесімен марапаттау рәсіміне бізді арнайы қонақ ретінде шақырды. Марапаттау рәсімі «Rixos» қонақ үйінің концерт залында өтіп, сол кеште Дильназ Ахмадиева, «Кешью» тобы, «Горячий шоколад» және т.б. көптеген өнер жұлдыздары өнерлерін көрсетті. Біз сол кештен өте керемет әсер алдық. Кеште клуб тарапынан бізге арнайы дайындалған екі бірдей видеоклипті клуб басшыларымен, футболшылармен бір қатарда отырып тамашаладық. Кейіннен ол видеолар әлеуметтік желіде кеңінен насихатталып, «12 ойыншы» фан-клубының визиттік картасына айналды. Жыл соңында «Астана» командасының Бас менеджері Саян Хамитжанов мырзамен клубымыздың белсенді жанкүйерлері кездесті. Кездесу барысында өткен маусымға қорытынды жасап, келер маусымға жоспарларымызбен бөлістік. Кеш соңында клуб басшылығы әр жанкүйерге өз есімдері мен 12 саны жазылған клубымыздың жейдесін сыйға тартып, бізді тағы бір қуантты. Мен үшін өткен маусымның ТОП-5 жаңалығы осы деуге болады. Командамыздың жеткен жеңістері мен жетістіктері – бір төбе!

– Фан-клубтың алдағы даму жоспары қандай?

– «Астананы» тек қолдап қана қоймай, ілгері жылжуына көмектескіміз келеді. Стадиондағы фан-секторды толтыру үшін көптеген іс-шаралар, қайырымдылық акцияларын, әр-түрлі деңгейдегі байқаулар ұйымдастырамыз. Бұйырса, ақпан айынан бастап қалада өзіміздің кеңсеміз болады. Ол жерде қатарымызға қосылуға ниетті жандармен кездесіп, жанкүйерлерді тіркеп, футболшылармен сұхбаттар, кездесулер т.б. іс-шаралар жасау ойымызда бар. Бұл клубтың бізге сыйлаған тағы бір сыйы. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып елордамыздың белсенді жастарына көрсеткен ерекше қолдауы үшін команда ұжымына және Саян Хамитжановқа «Астана» жанкүйерлері атынан алғыс айтамын. Өз командамызға әрдайым адал болып, жарқын жеңістерге бірге жетеміз деген ойдамын!

B. ZHAQSYMBET