Қара құрлықтың ең үздік футболшысы анықталды

Қара құрлықтың ең үздік футболшысы анықталды
Фото: YouTube

Алжир ұлттық құрамасы мен ағылшындық «Лестердің» жартылай қорғаушысы Рияд Марез 2016 жылғы Африка құрлығының ең үздік футболшысы атанды. Бұл туралы Африка футбол қауымдастығының ресми сайты хабарлады.

Дауыс беру қорытындысы бойынша алжирлік футболшы 361 ұпай жинаған. Өткен жылы үздік деп танылған Пьер-Эмерик Обамеянг Рияд Марезден 48 ұпайға қалып қойды. Үштікті 186 ұпаймен «Ливерпуль» клубының сенегалдық шабуылшысы Садьо Мане қорытындылады.

Рияд Марез Африканың үздік футболшысы марапатына алғаш рет қол жеткізіп отыр.

Африкадағы жылдың үздік командасы марапатына Уганда ұлттық құрамасы ие болды. Ал жылдың талантты жас футболшысы марапатын «Манчестер Сити» мен Нигерия құрамасының шабуылшысы Келечи Ихеаначо жеңіп алды.  

Ө. Сансызбай