Таразда қазақ күресінен командалық турнир өтеді

О Сансызбай Корреспондент
Таразда қазақ күресінен командалық турнир өтеді
Фото ©️ massaget.kz

21 желтоқсан күні Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына орайластырылған клубтық командалар арасындағы Қазақстан Республикасы қазақ күресі федерациясының кубогына арналған командалық турнир өтеді.

БӨЛІСУ

Жарысты Қазақстан Республикасы қазақ күресі федерациясы, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы мен Жамбыл облысы әкімдігі ұйымдастырып отыр.

Тараз топырағындағы доданың жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды. І орын алған команда 10 миллион теңгені, ІІ орын алған команда – 6 миллион, ІІІ орын алған команда 4 миллион теңгені иеленеді.

Федерация кубогына еліміз бойынша 9 клубтық команда қатысады. Олардың қатарында қазақ күресінен мамандандырылған мемлекетттік және жеке спорт клубтары бар. Бекітілген ереже бойынша жарысқа 18 жасқа толған балуандар 55, 60, 66, 74, 82, 90,100 келіге дейінгі және 100 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша клуб сапында қатыса алады. Турнир «бетпе-бет» олимпиадалық жүйесі бойынша өтеді.

Клубтық командалар арасында өтетін турнирде «Қазақстан Барысы» мен «Еуразия Барысы» турнирі арқылы көпшілікке кеңінен танымал балуандар өз аймағының намысын қорғайды. Қазақ күресінен әлем чемпиондары Айбол Айтбек, Дәулет Пахриденов күш сынасады. Бұдан өзге есімі көпке белгілі балуандар Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Айдос Сейпілұлы, Асыл Барменов, Ержан Шынкеев, Ғани Сейділдаев, Айбат Сейтен, Бағдәулет Сәбитов, Руслан Әбдіразақов («Қазақстан Барысының» 2 дүркін жүлдегері), Әбзал Арыстанбеков, екі дүркін «Еуразия Барысы» Марат Нығматұллаев белдеседі.

Қатысушы клубтар:

1. «Qazaq kuresi» клубы - Алматы қаласы
2. «Елорда батыры» қазақ күресі спорт клубы - Астана қаласы
3. «ЗАК КАР» қазақ күресі спорт клубы - Қарағанды қаласы
4. Қайырбаев атындағы ұлттық және халықтық спорт түрлері бойынша спорт клубы – Павлодар қаласы
5. Семей қаласының мемлекеттік медицина университетінің клубы – Семей қаласы
6. «Тарбағатай» қазақ күресі спорт клубы - Шығыс Қазақстан облысы.
7. Жамбыл облысының қазақ күресі клубы – Тараз қаласы
8. «Алакөл» қазақ күресі клубы – Алматы облысы
9. «Сапа-Арена» спорттық клубы – Талдықорған қаласы