Чемпиондар лигасы 1/8 финалының жеребесі тартылды

Чемпиондар лигасы 1/8 финалының жеребесі тартылды
Фото: google.kz

Футболдан Еуропаның басты бәсекесі саналатын Чемпиондар лигасының 1/8 финалында қарсылас атанған командалар белгілі болды. Жеребе тастау рәсімі Швейцарияның Ньон қаласында өтті.

Чемпиондар Лигасының 1/8 финалына шыққан барлық командалар «сен тоқта, мен атайыннан». Аутсайдер команданы анықтау мүмкін емес.

1/8 финалдағы басты ойындар «Бавария» (Германия) мен «Арсенал» (Англия), «ПСЖ» (Франция) мен «Барселона» (Испания) арасында өтері сөзсіз. Әсіресе мюнхендік команда мен лондондық ұжым төртінші маусым қатарынан бір-біріне қарсылас атанып отыр. 2013/2014 және 2014/2015 жылдардағы маусымда 1/8 финалда кездессе, өткен маусымда бір топта ойнады. Биыл кезекті рет 1/8 финалда кездесіп отыр. Cондай-ақ, «ПСЖ» мен «Барселона» да соңғы төрт маусымда бір-біріне қарсылас атанып келеді. 2013/2014 және 2015/2016 жылғы маусымдарда ширек финалда ойнаса, 2014/2015 жылғы маусымда бір топқа түскен еді.

Чемпиондар лигасына алғашы қатысып отырған Англияның «Лестер» клубы Испанияның «Севилья» командасымен ойнайтын болды. Еуропа лигасында үш жыл қатарынан топ жарған испандық команда биыл Чемпиондар лигасында атой салып көрмек.

Криштиану Роналду бастаған мадридтік «Реал» 1/8 финалда Неапольдың «Наполи» командасымен ойнайды. Ал мадридтік екінші клуб «Атлетико» леверкузендік «Байерге» қарсылас атанды.

Хосеп Гвардиола жаттықтыратын «Манчестер Сити» «Монако» командасымен ойнайды. Лиссабондық «Бенфикаға» дортмундтық «Боруссия» қарсылас атанды. Бұл командалар арасындағы ойындар да тартысты болары сөзсіз.

Ширек финалдың тағы бір жолдамасын туриндік «Ювентус» пен «Порту» сарапқа салады.

Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы бірінші ойындар 14/15 және 21/22 ақпанда, қарымта ойындар 7/8 және 14/15 наурызда өтеді.

Айта кетейік, 2016/2017 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының финалы Кардиффте (Англия) өтеді. 

Ө. Сансызбай