2016 жылғы «Алтын допты» Роналду алады

О Сансызбай Корреспондент
2016 жылғы «Алтын допты» Роналду алады
Фото ©️ YouTube

Мадридтік «Реал» мен Португалия ұлттық құрамасының әйгілі футболшысы Криштиану Роналду  2016 жылдың үздік футболшысына берілетін мәртебелі жүлде «Алтын допты» иеленуі әбден мүмкін. Бұл туралы Испанияның «El Mundo Deportivo» басылымы хабарлады.

БӨЛІСУ

Басылым таратқан ақпарат бойынша бейсенбі күні «France Football» журналының тілшісі Мадридке келіп, футболшыдан сұхбат алады. Ал ол сұхбат дүйсенбі күні (12 желтоқсан) Роналду ресми түрде «Алтын допты» алғаннан кейін жарияланатын болады.

Айта кетейік, «France Football» журналы осы жылы Халықаралық футбол қауымдастықтары одағымен (ФИФА) келісімін үзген еді. Нәтижесінде биылдан бастап үздік ойыншыны анықтау жаңа жүйеде өтеді. Жаңа жүйе болғанда, бұрынғы француз басылымының ережесі бойынша анықталады. Яғни, «Алтын доп» иегерін анықтауға тек тілшілер ғана қатысатын болады. ФИФА бұл марапатты табыстаған тұста тілшілермен қатар, ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы мен капитандары да дауыс беруге қатысқан болатын.

Биылғы «Алтын допты» иеленуде Криштиану Роналдудың фаворит екені жасырын емес. Португалдық сұрмерген өткен маусымда «Реалмен» Чемпиондар лигасы, ұлттық құрамада Еуропа чемпионы атанды.

Криштиану Роналду «Алтын допты» осыған дейін үш рет иеленді. Ал Лионель Месси бес рет жеңіп алған жалғыз ойыншы.