«Астана» кипрлік клубтан есесін қайтарды (видео)

«Астана» кипрлік клубтан есесін қайтарды (видео)
Фото: vk.com

«Астана» футбол клубы Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Қазақстандық клуб Астанада Кипрдің «АПОЭЛ» клубын 2:1 есебімен ұтты.

Елордалық команда үшін бұл ойынның маңызы жоғары болды. Алғашқы минуттардан алға ұмтылған «Астана» ойыншылары есепте алға шығуға ұмтылды. Дегенмен ойында бірінші болып кипрлік клуб есеп ашты. 31 минутта Гиоргиос Эфремнің асқан шеберлікпен тепкен добы Ненад Эрич қорғаған қақпаның торында тулады. Араға 2 минут сала таразы басын теңестіруге мүмкіндік алған Джуниор Кабананганы кипрлік клубтың қорғаушысы Иньяки Астиц шалып жығып, алаңнан қуылды. Нәтижесінде Станимир Стойлов шәкірттерінің ойындағы басымдығы арта түсті. Десе де бірінші тайм «АПОЭЛ» жеңіске жетіп шықты.

Екінші таймда «Астана» ойыншылары шабуылдарына қарқын қосты. Ширақ шабуыл мен доп ұстау басымдығы артып, қонақтарды қыспаққа ала түсті. 58 минутта бұрыштама добынан асырылған допты «АПОЭЛ» қақпашысы Вой Баттерман қолынан шығарып алды. Айып алаңында жүрген Марин Аничич мұндай мүмкіндікті мүлт жібермей, нәтижені теңестірді. Нәтижені теңестіріп қана қоймай, Станимир Стойлов шабуыл шебін күшейте түсті. Қорғаушы Игорь Шитовты шабуылшы Танат Нөсербаевқа алмастырды.

85 минутта Джордже Деспотович «Астанаға» 3 ұпай сыйлаған голды соқты. Бірінші тепкенде доп қақпа бағанынан кері қайтты. Екінші тепкенде қақпа торында тулатты. Нәтижесінде 2:1 есебі сақталып, қазақстандық клуб өз алаңындағы жеңіліссіз ойындар санын 12-ге жеткізді.

Айта кетейік, топтағы бірінші ойында «Астана» Кипрде «АПОЭЛ»-ден 2:1 есебімен ұтылған еді.

Қазақстандық клуб топтағы соңғы ойынын желтоқсанның 8-нен 9-на қараған түні Швейцарияда «Янг Бойз» клубына қарсы өткізеді. Ал топтан шығу мүмкіндігі бүгін түнде өтетін «Олимпиакос» пен «Янг Бойз» ойындарының нәтижесіне байланысты болмақ.

«Астана» (Астана, Қазақстан) — «АПОЭЛ» (Никосия, Кипр) 2:1 (0:1) 

Голдар: Эфрем 31 (0:1), Аничич 59 (1:1), Деспотович 84 (2:1)

Ескертулер: Шомко 2, Максимович 87, Аничич 89 — Мораиш 75

Алаңнан қуылды: Астис 33

«Астана»: Эрич, Аничич, Максимович, Мужиков (Нургалиев 81), Деспотович, Шитов (Нөсербаев 77), Бейсебеков, Логвиненко, Кабананга (Малый 90+4), Шомко, Каньяс

«АПОЭЛ»: Ватерман, Лаго, Карлао, Эфрем (Янниотас 81), де Камарго (Вандер 63), Винисиус, Сотириу, Миланов, Астис, Мораиш, Алонефтис (Артиматас 35)

Бас төреші: Кевин Блом (Нидерланд)

24 қараша. Астана. «Астана Арена». 

Ө. Сансызбай