Журналистер арасында тұңғыш рет «БАҚ лига» біріншілігі өтеді

О Сансызбай Корреспондент
Журналистер арасында тұңғыш рет «БАҚ лига» біріншілігі өтеді
Фото ©️ Рауан оқасы

10 желтоқсан күні Алматы мен Астана қалаларында футзалдан «БАҚ лига» біріншілігі бастау алады. Бұл жарысқа қатысуға 10 команда өтініш білдіріп үлгерді. Олардың қатарында «Tengrinews», «Vesti» және «Massaget» сайттарынан құралған «Effective Media» командасы да бар.

БӨЛІСУ

БАҚ өкілдерінің толыққанды біріншілігі тұңғыш рет өткелі отыр. Жобаны ұйымдастыруға Астана футбол федерациясы мұрындық болған. Алматы қаласы бойынша «БАҚ лиганы» ұйымдастыруға жауапты Рауан Оқастың айтуынша, қазірдің өзінде 10 командадан өтініш келіп түскен. Олар: «Қаламгер» «Болашақ газеті» «Нұрлы гол» «Талғар газеті» «Жетісу телеарнасы» «Алматы телеарнасы» «СДУ журфак» «Проспорт сайты», «Effective Media» және «Қазақстан телеарнасы».

- БАҚ лигага» қатысуға өтініштер қабылдау аяқталды. Барлығы команда 2 ай бойы өзара мықтыны анықтамақ. Яғни, «БАҚ лига» ойындары 9 турдан тұрмақ. Аталған біріншілікке бей-жай қарамай, атсалысып жатқан командаларға ризамыз. Әсіресе, Алматы облысынан қосылған «Жетісу телеарнасына», оның басшысы Бейсен Құранбекке ризамыз. Бұл біріншіліктің өткенін бұрыннан қалап жүргендер көп болатын. Ал оның өтуіне мұрындық болған Астана қалалық футбол федерациясына алғысымыз шексіз»,- дейді ұйымдастырушы Рауан Оқас.

Рауан Оқастың айтуынша, Алматы қаласы бойынша «БАҚ лиганың» жеңімпазына арнайы әзірленген кубок табысталады. Аталған кубок ауыспалы болмақ. Яғни, келесі жылы қайта сарапқа салынатын болады. Сондай-ақ үздік үштікке кірген командаларға медальдар мен бағалы сыйлықтар табыс етіледі.

Ал «БАҚ лигаға» қатысатын танымал журналистердің қатарында Аманкелді Сейітхан, Жанарбек Әшімжан, Срайыл Смайыл, Есболат Айдабосын, Жандос Айтбайұлы сияқты азаматтар бар.