Галбадрах Отгонцэцэг ҚР чемпионаты мен кубогында жеңімпаз атанды

О Сансызбай Корреспондент
Галбадрах Отгонцэцэг ҚР чемпионаты мен кубогында жеңімпаз атанды
Фото ©️ fdk.kz

Бұл күндері Қызылорда қаласында дзюдодан ҚР чемпионаты мен кубогы жарысы өтіп жатыр. Алғашқы күннің қорытындысы бойынша әйелдер 48, 52, 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде, ерлер 60 және 66 келі салмақ дәрежелерінде жеңімпаздарды анықтады. Бұл туралы ҚР дзюдо федерациясының ресми сайты хабарлады.

БӨЛІСУ

60 келіде қызылордалық Бауыржан Жауынтаев қарағандылық Абылайхан Шаратовтан басым түсіп, ел чемпионы атанды. Қола медаль Ақтөбе облысынан келген Рустам Ибраев пен алматылық Ғұсман Қырғызбаевқа тиесілі болды.

Ерлерден 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Мейіржан Қалтаев қарсылас шыдатпай, Қазақстан чемпионы атанды. Күміс медалді Ғұмар Қырғызбаев (Алматы облысы) иеленсе, қола медалді Алматы облысынан келген Әбілхайыр Мауленин және Ғабит Есімбетов (ОҚО) өзара бөлісті.

Рио Олимпиадасының қола медаль иегері Галбадрах Отгонцэцэг (Оңтүстік Қазақстан облысы) 48 келі салмақта өз мықтылығын дәлелдеді. Қызылордалық Салтанат Сұлтанбекова күміс медальға ие болды. Абиба Абужақынова (Алматы облысы) мен Әйгерім Төреғожин (Қарағанды) ел чемпионатының қола медаль иегерлері атанды.

Әйелдерден 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Кәмшат Қарасайқызы (Маңғыстау облысы) Қазақстан чемпионы атанса, финалдағы қарсыласы Гүлдана Әлмұханбетова (Батыс Қазақстан облысы) күмісті місе тұтты. Айнұр Сүлеймен (Жамбыл облысы) мен Айкүнім Түйтекова (Алматы облысы) үшінші орынға жайғасты.

Оңтүстік Қазақстан облысының дзюдошысы Севера Нышанбаева 57 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы болды. Атыраулық Назгүл Құбашева екінші орыннан көрінсе, 57 келіде қола жүлдені маңғыстаулық Анна Казюлина мен қарағандылық Анна Старченко жеңіп алды.

Естеріңізге сала кетсек, Қызылордадағы дода 19 қарашаға дейін жалғасады.