Футболдан Қазақстан кубогының финалы Алматыда өтеді

Футболдан Қазақстан кубогының финалы Алматыда өтеді
Фото: pflk.kz

Футболдан Қазақстан кубогының финалы Алматы қаласында өтетін болды. Бұл туралы Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының ресми сайты хабарлап отыр.

- Қазақстан кубогының шешуші ойыны қарашаның 19-ы күні Алматы қаласының Орталық стадионында өтпек. Матчтың басталу уақыты – сағат 15.00-де. Матчты тікелей эфирде «Хабар» арнасы көрсетеді,-делінген ресми хабарламада.

ҚР кубогының финалы соңғы рет Алматыда 2012 жылы өткен. 2009, 2011, 2013 және 2015 жылдары Астана қаласында өтті.

Қазақстан кубогының финалында ең көп жеңіске жеткен команда – Алматының «Қайраты». Олар өз тарихында 7 рет (1992, 1996/97, 1999/00, 2001, 2003, 2014 және 2015) жеңімпаз атанған. «Астана» бұл атаққа 2010 және 2012 жылдары қол жеткізді.

«Астана» мен «Қайрат» ел кубогы жолындағы ойындарда екі рет кездескен. Екі ойында да алматылық команданың мысы басым болды. 2011 жылы 1/8 финалда жолығып, «Қайрат» пенальти сериясында ұтты. Ал өткен маусымда финалда басым түскен болатын.

Ө. Сансызбай