«Астана» «Олимпиакоспен» тең түсті (видео)

«Астана» «Олимпиакоспен» тең түсті (видео)
Фото: vk.com

Футболдан Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі төртінші ойында «Астана» өз алаңында «Олимпиакоспен» тең ойнады. Ойында 1:1 есебі тіркелді.

«Астана Аренада» өткен кездесудегі екі гол да бірінші таймда соғылды. 8 минутта елордалық клубтың ширақ шабуылы өз нәтижесін берді. Патрик Твумасидың асырған пасын Джордже Деспотович сәтті пайдаланып, ойындағы есепті ашты.

30 минутта «Олимпиакос» ойыншылары таразы басын теңестіріп кетті. Севаның баспен бағыттаған добын Ненад Эрич қайтаруға қауқарсыз болды. Грекиялық клубтың бразилиялық легионері «Астанаға» қарсы ойында үшінші голын соқты. Пирейде өткен ойында дубль орындаған еді.

Ойынның екінші кезеңінде есеп өзгермеді. 85 минутта Дмитрий Шомконың қателігі сан соқтыра жаздады. Десе де Андре Мартинштің бағыттаған добы қақпа бағанынан қайтты. Нәтижесінде «Астана» өз алаңындағы жеңіліссіз ойындар санын 11-ге дейін жеткізді.

Кездесудің үздік ойыншысы болып Патрик Твумаси танылды.

Станимир Стойлов жаттықтыратын «Астана» топтағы бесінші ойынын 22 қараша күні Астанада Кипрдің «АПОЭЛ» клубына қарсы өткізеді. Қазіргі таңда қазақстандық клубтың 2 ұпайы бар.

Ө. Сансызбай