Илья Ильинге министрліктен қызмет ұсынылды

Илья Ильинге министрліктен қызмет ұсынылды
Фото: Нұр Отан

Илья Ильинге спорт функционері болу ұсынылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы Илья Ильинге Қазақстанның жетекші спорт ұйымы - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің штат және ұлттық командалары дирекциясында кеңесші болу ұсынылып отыр. Мұндай ұсынысты Арыстанбек Мұхамедиұлы кездесу барысында айтты.

Министр Мемлекет басшысының спортшылардың халықаралық антидопинг ұйымының шешіміне байланысты қатты уайымдап жүргенін және "атақты спортшыларымыздың назарсыз қалып қоймауына нақты тапсырмалар бергенін" ерекше атап өтті. Ол қазақстандық спортшылардың мүддесін қорғау мақсатында Лозаннаның ең ірі заңгерлік компанияларымен белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. 

- Біздің, Мәдениет және спорт министрлігінің ұстанымы - Халықаралық олимпиада комитетінің біздің спортшыларымызға қатысты қандай шешім қабылдайтынына қарамастан, әрбір спортшымыздың мүмкіндігін өмірде де ашу. Спорт жолының ұзаққа созылмайтынын бәріміз білеміз, сосын спортшылар басқа жұмысқа ауысады. Біреулері бапкер болса, біреулері қоғамдық жұмыстарға араласады", - деді министр.

Сондай-ақ, министр Илья Ильиннің жаттығуын үзбей жүріп, қазақстандық спортшылардың арасында бірінші болып, PhD докторы дәрежесін алғанын атап өтті.

Өз кезегінде Илья Ильин бұл қызметте өзіне тапсырылған міндетті ақтайтынын айтып сендірді.

- Мемлекет басшысына бізді, спортшыларды назарсыз қалдырмағаны үшін алғыс білдіремін. Бұл жағдай біз үшін шын мәнінде өте ауыр соққы болып тиді. Маған қатысты хат әлі келген жоқ, спортшы ретіндегі мансабымның болашағы әзірше түсініксіз, бірақ үкіметіміздің спортшыларды назарынан тыс қалдырмағаны қуантады, - деп алғысын білдірді Илья Ильин

- Мүмкіндігіңіз болса, жеке менің атымнан Нұрсұлтан Әбішұлына хабарын беріңізші - мен тірімін, барлығы жақсы, қалпымдамын. Сұрап жатса", - деді спортшы.

Айта кетейік, осыған дейін Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло және Майя Манеза Олимпиада медальдарын кері қайтаратын болған еді. Сондай-ақ, балуан Теймураз Тигиевтің допинг қолдануына байланысты Бейжің Олимпиадасындағы күміс жүлдесінен айырған еді.

Алдағы уақытта ХОК қазақстандық ауыр атлеттер Илья Ильин, Алмас Өтешов, Владимир Седов, Мария Грабовецкая мен Ирина Некрасоваға қатысты шешімін шығаратын болады.

Ө. Сансызбай