Хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы Олимпиада жолдамасына таласады

Хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы Олимпиада жолдамасына таласады
Фото: facebook.com

Шайбалы хоккейден әйелдер арасында 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі Астана қаласында өтеді.  Бұл жарысқа Қазақстан құрамасы да қатысады.

«G» тобындағы екінші іріктеу кезеңіндегі ойындар 3-6 қараша аралығына жоспарланған. Қазақстан әйелдер құрамасы Ұлыбритания, Польша және Мексика құрамаларына қарсы ойнап, ақ Олимпиада жолдамасына таласады. Ойындар «Барыс Аренада» өтеді.

Қазақстан әйелдер құрамасының жолдамаға ие болуына зор мүмкіндігі бар. IIHF рейтингінде қазақстандық хоккейшілер 18-орында болса, Ұлыбритания 21-ші, Польша 22-ші, Мексика хоккейшілері 26-орында тұр.

Жарыстың алғашқы ойыны Ұлыбритания мен Мексика құрамалары арасында өтеді. Ертең Астана уақытымен сағат 15:00-де басталады. Қазақстан құрамасы 19:00-де Польшамен ойнайды. Ойынға кіру тегін.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан ерлер құрамасы Норвегия елінің астанасы Ослода өткен іріктеу кезеңінен жолдамасыз қайтқан еді.

Ө. Сансызбай