Светлана Подобедова спорттық мансабын аяқтады

Светлана Подобедова спорттық мансабын аяқтады
Фото: tengrinews.kz

Қазақстандық ауыр атлет Светлана Подобедова спорттық мансабын аяқтады. Бұл туралы vesti.kz сайтына берген сұқбатында айтты.

Жақында ғана Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) ауыр атлеттің 2012 жылғы Олимпиадада допинг қолданғаны туралы хабарлап, чемпиондық атағынан айырған еді. Ал осыған байланысты Рио Олимпиадасына да қатыстырмаған-ды. Десе де спортшы ХОК шешімімен келіспейді.

- Медальді қайтарамын деген ниетім жоқ. Медаль үшін күрестім, өз еңбегіммен алдым, көптеген жаттығуымның арқасы. Сол кезде осы мелдаль үшін бүкіл Қазақстан қуанды, себебі бұл медаль менікі ғана емес, Қазақстан халқына тиесілі. Біз оны не үшін қайтаруымыз керек? Оны бізге сол кезде не үшін берді? 10 жылдан кейін бірақ бермей ме. Жоқ, мұны талқылауға да келмейді. Бізді Олимпиадаға дейін де, кейін де тексерді - бәрі дұрыс болатын. Ал төрт жылдан кейін не болғаны әлі күнге дейін жұмбақ. Егер қажет деп жатса, көшірмесін жасатамын да, жібере саламын, - деді ауыр атлет.

Еліміздегі алдыңғы қатарлы спорт басылымына берген сұқбатында Светлана Подобедова спорттық мансабын аяқтағанын да айта кетті.

- Риодан кейін спорттық мансабымды аяқтаймын деп жүргенмін. Өкінішке орай, бұлай болмады. Бұл – өмір. Алға қойған бірнеше жоспарым бар. Бірақ әзірге жұмбақ болып қала бергені жөн. Бір анығы, спортқа тікелей қатысты, - деді Светлана.

Осыған дейін Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло және Майя Манеза Олимпиада медальдарын кері қайтаратын болған еді. Сондай-ақ, балуан Теймураз Тигиевті допинг қолдануына байланысты Бейжің Олимпиадасындағы күміс жүлдесінен айырған-ды.

Алдағы уақытта ХОК қазақстандық ауыр атлеттер Илья Ильин, Алмас Өтешов, Владимир Седов, Мария Грабовецкая мен Ирина Некрасоваға қатысты шешімін шығаратын болады.

Ө. Сансызбай