«Барыс» сырт алаңда «Металлургтен» ұтылды

«Барыс» сырт алаңда «Металлургтен» ұтылды
Фото: vk.com

Құрлықтық хоккей лигасында бақ сынайтын қазақстандық «Барыс» Магнитогорскіде «Металлург» клубына есе жіберді. Ойында 3:1 есебімен мұз айдын иелері басым түсті.

Бірінші кезеңде «Барыс» хоккейшілері басым түсіп шықты. 18 минутта Найджел Доус қазақстандық клубты алға шығарды. Мұз айдын иелері екінші кезеңде таразы басын теңестіруге ұмтылғанмен, «Барыстың» қорғанысы сыр берген жоқ. Тек үшінші кезеңде барып қана «Металлург» ойыншылары жеңіске бастар жолды тауып кетті.

45 минутта Крис Ли есепті теңестірсе, 53 минутта Сергей Мозякин «Металлург» командасын алға шығарды. Ал үшінші шайбаны ойын соңында Крис Ли ашық қақпаға соғып, дубль авторы атанды.

Қазақстандық клуб келесі ойынын 15 қазан күні Уфада «Салават Юлаев» клубына қарсы өткізеді.

«Металлург» Магнитогорск — «Барыс» 3:1 (0:1, 0:0, 3:0)

Шайбалар:
0:1 — 18:31 Доус (Липин, Кучин). Тең құрамда
1:1 — 44:48 Ли (Филиппи). Ойыншы басымдығында
2:1 — 52:32 Мозякин (Коварж, Береглазов). Тең құрамда
3:1 — 59:28 Ли. Тең құрамда (ашық қақпа)

«Металлург» Магнитогорск: Самсонов — Антипин-Бирюков, Вольский-Мозякин-Коварж; Ли-Береглазов, Зарипов-Сёмин-Филиппи; Терещенко-Хабаров, Тимкин-Осала-Косов; Дронов, Швырёв-Платонов-Казионов Дм., Казионов Ден.;

«Барыс»: Карлссон — Даллмэн-Семёнов, Боченски-Доус-Сен-Пьер; Баркер-Трясунов, Старченко-Гренц-Рымарев; Липин-Шалапов, Маркелов-Жайлауов-Кучин; Савченко, Тривино-Худяков-Панюков, Иванов.

Ереже бұзу: 4:4 (2:0, 2:0, 0:4)

Ө. Сансызбай