«Қайсар» премьер-лигаға қайта оралды

Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы бірінші лигада жеңімпаз атанып, премьер-лигаға қайта оралды. Сыр өңірінің командасы Ақтауда өткен маңызды ойында «Каспий» командасын 2:0 есебімен жеңді.

Маусым басында премьер-лигаға оралуы мүмкін фавориттер ретінде «Қайсар», «Алтай» және «Қызыл-Жар» клубтары айтылған-ды. Үш клуб та үздіктер көшін берген жоқ. Десе де қызылордалық клуб қарсыластарынан қара үзіп, бірінші лиганың аяқталуына үш тур қалғанда жеңімпаз атанып, жолдамаға ие болды.

Осы тұста тағы бір айта кететіні, «Алтай» клубынан 9 ұпай алынып тасталған болатын. Себебі, «Восток» пен «Спартак» клубтарының негізінде құрылған жаңа командаға өскемендік ұжымның бұрынғы ойыншыларына қарыз болуы өз «салқынын» тигізген еді.

2016 жылғы маусымдағы ел премьер-лигасының аяқталуына үш тур қалды. Бірінші лигаға түсіп қалуы мүмкін клубтар қатарында «Ақжайық», «Тараз» бен «Жетісу» тұр.