“Гольф Королі” Арнольд Палмер өмірден өтті

“Гольф Королі” Арнольд Палмер өмірден өтті
Фото: www.stonehousegolf.com

1929 жылы қыркүйек айының 10-шы жұлдызында дүниеге келген америкалық белгілі гольфші Арнольд Палмер 25 қыркүйек күні 87 жасында өзінің Пенсильваниядағы үйінде о дүниеге аттанды.

Палмер  өзінің спорттық мансабында кәсіпқойлар арасындағы негізгі турнирлерден 7 рет жеңіске жеткен нағыз шеберлердің бірі һәм бірегейі. Атап айтсақ, Мастерс (1958, 1960, 1962, 1964), АҚШ ашық чемпионаты (1960) және Британия ашық чемпионаттарында (1961, 1962) үздік көрсеткішке ие болды.

Оның мінсіз мансабына тәнті болып, әр жарыста ілесе жүріп қолдау көрсететін жанкүйерлерін "Арни Армиясы" деп атайды. Ол шын мәнінде 50-ші жылдары спорттық телеарналар дәуірі басталған кезде спорттағы алғашқы супер жұлдыз атанған болатын. Палмер мырза өмірінің соңғы кезеңін Флорида штатының Орландо қаласында өзінің жеке гольф алаңын ермек етумен өткізді.
Бұл хабарды естіген Пеле секілді спорт майталмандары әлеуметтік желі парақшаларында қайғырып көңіл айтуда.

Аңыз адамның өмірлік махаббаты болған гольф саласы туралы қанатты сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.

  • "Жеңу маңызды емес, ең бастысы — қалау".
  • "Мен ешқашан қарсыласыма жамандық тілемейтінмін, сондай-ақ, ешқашан жаным да ашымайтын".
  • "Көбірек жаттыққан сайын сәттілік үйір болады".
  • "Мен ешқашан соншалықты тырысып бақпайтынмын, себебі, жеңбей қалуым мүмкін деген ой мазалап көрмеген".
  • "Гольфтегі жетістік дене мықтылығынан гөрі, ой мен мінездің мықтылығына байланысты болады".
  • "Гольфтің қарапайымдығы жалған, ол шексіз күрделі дүние".
  • "Жеңуге ешқандай мүмкіндік болмағанның өзінде - соңына дейін тырысып бағыңыз".
А. Оралқызы