Паралимпиада мен Олимпиада жүлдегерлері бірдей сыйақы алады

Паралимпиада мен Олимпиада жүлдегерлері бірдей сыйақы алады
Фото: tengrinews.kz

Паралимпиада мен Олимпиада жүлдегерлері бірдей сыйақы алатын болды. Бұл туралы бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы Астанаға оралған Паралимпиада құрамасын қарсы алу кезінде тілшілерге берген сұxбатында айта кетті.

- Паралимпиада ойындарынан алған алтын және күміс медальдар ел тариxының алғашқы жүлделері саналады. Бұл барша Қазақстан үшін үлкен қуаныш. Ең бастысы, әрине, бұл біздің спортшыларымыз үшін үлкен бақыт. Біздің мақсатымызда жалпы медальдік есепке ену болмаған еді, біздің мақсатымыз Риоға 10 жолдама ұтып, Ойындарға қатысу болатын, - деп баса айтты ҚР МСМ басшысы.

Министрдің айтуынша, бүгін республикалық бюджеттік комиссияның отырысы өтеді. Онда паралимпиадашыларға олимпиадашылардың сыйақыларымен тең сыйақы тағайындау туралы шешім ұсынылады.  

- Астанада 26 тамызда Рио Олимпиадасының жүлдегерлерімен салтанатты кездесу барысында Президент Паралимпиада қатысушыларының сыйақы қорын Олимпиада қатысушыларының деңгейімен теңестіруді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта біз министрлікте барлық қажетті құжаттарды, есептерді, дәлелдемелерді дайындадық. Бүгін республикалық бюджеттік комиссияның отырысы өтеді, сонда бұл құжаттарды растаймыз, - деді А.Мұхамедиұлы.

2008 жылы 19 ақпанда «Паралимпиялық ойындарда көрсеткен жоғары жетістіктері үшін спортшыларды және жаттықтырушыларды материалды ынталандыру бойынша кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы бойынша І орын алған спортшыға - 50 мың АҚШ доллары, ІІ орынға - 35 мың АҚШ доллары, ІІІ орын иегеріне 35 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілетіні бекітілген болатын. Енді бұл қаулыға түзетулер енгізіліп, сыйақылары 5 есеге артатын болады. Риода жүлде алған спортшылар жаңа қаулы бойынша сыйақы алады.

Айта кетейік, Риода өткен Паралимпиада ойындарында еліміздің намысын 11 спортшы қорғаған болатын. Отандастарымыз 1 алтын 1 күміс жүлде жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 58-орынға тұрақтады. Алтын жүлдені суға жүзуден Жамбыл облысының атлеті Зүлфия Ғабидуллина алса, күміс медальді Алматы облысының зілтеміршісі Раушан Қойшыбаева иеленді.

Риода өткен Паралимпиада ойындарында 22 спорт түрінен 528 медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Жалпыкомандалық есепте Қытай елінен барған паралимпиадашылар алдына жан салған жоқ. Олар 107 алтын, 81 күміс, 51 қола медаль жеңіп алды. 64 алтын, 39 күміс, 44 қола алған Ұлыбритания құрамасы екінші орын алса, үштікті 41 алтын, 37 күміс, 39 қола медальмен Украина паралимпиадашылары түйіндеді.

Ө. Сансызбай