Қазақстан Паралимпиадада 58-орын алды

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстан Паралимпиадада 58-орын алды
Фото ©️ rio2016.com

Рио-де-Жанейродағы XV жазғы Паралимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 1 алтын 1 күміс медальмен жалпыкомандалық есепте 58-орын алды. Бұл отандастарымыздың ел спортындағы ең ірі жетістігі.

БӨЛІСУ

Риода өткен Паралимпиада ойындарында 22 спорт түрінен 528 медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Жалпыкомандалық есепте Қытай елінен барған паралимпиадашылар алдына жан салған жоқ. Олар 107 алтын, 81 күміс, 51 қола медаль жеңіп алды. 64 алтын, 39 күміс, 44 қола алған Ұлыбритания құрамасы екінші орын алса, үштікті 41 алтын, 37 күміс, 39 қола медальмен Украина паралимпиадашылары түйіндеді.

Паралимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы сапында 11 спортшы аттанған болатын. 100 метрге еркін әдіспен жүзуде Зүлфия Ғабидуллина алтын медаль алып, ел тарихындағы алғашқы жүлдені қоржынға салды. Ал пауэрлифтингтен әйелдер арасында 67 келіге дейінгі салмақта Раушан Қойшыбаева күміс жүлдегер атанды. Қос медаль қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы есепте Словениямен 58-орынды тең бөлісті.

Айта кетейік, Риодағы Паралимпиадаға Ресей құрамасы қатыстырылмаған болатын. Ал Өзбекстан құрамасы 32 спортшымен барып, 31 медаль (16-орын) иеленіп қайтты.