Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты

Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты
Фото: fifa.com

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Колумбияда өтіп жатқан әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты. Отандастарымыз топтық кезеңдегі соңғы ойында Соломон аралдары құрамасын 10:0 есебімен ойсырата ұтты.

Бразилиялық маман Какау жаттықтыратын Қазақстан құрамасы бірінші кезеңде-ақ қарсыластарынан қауқарлы екенін байқатты. Александр Довгань есеп ашып, Арнольд Кнауб, Дуглас пен Лео голдар санын жалғады. Ал екінші кезеңде отандастарымыз Соломон аралдарының қақпасына тағы 6 гол соқты. Нәтижесінде 10:0 есебімен басым түсіп, өз тарихында алғаш рет плей-офф кезеңіне шықты.

Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына екінші рет қатысып отыр. Алғаш рет 2000 жылы Гватемалада өткен ІV әлем чемпионатына қатысқан болатын. «А» тобында Бразилиядан 1:12 есебімен, Португалия құрамасынан 2:6 есебімен ұтылып қалып, Гватемала футзалшыларына 5:6 есебімен есе жіберіп алған болатын.

Плей-офф кезеңінде Қазақстан құрамасы Испаниямен ойнайды. Екі құрама соңғы рет осы жылы Белградта өткен Еуропа чемпионатының жартылай финалында кездескен еді. Отандастарымыз қарсыластарына 5:3 есебімен есе жіберіп алған-ды. Испандықтар сол додада күміс жүлдегер атанса, қазақ футзалшылары қола медальмен оралған болатын.

Футзалдан Испания құрамасы әлемдегі ең азулы командалардың бірі. Соңғы рет әлем чемпионатын осы құрама ұтқан. Жалпы футзалдан әлем чемпионаты 1989 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Төрт жылда бір өтетін доданың тарихында Бразилия құрамасы 5 рет, Испания құрамасы 2 рет жеңіс тұғырынан көрінген. Өзге елдің құрамалары бұл жетістікті әлі бағындыра қойған жоқ.

Қазақстан мен Испания құрамалары арасындағы ойын 22 қыркүйекке жоспарланған. Астана уақытымен түнгі сағат 04:30-да басталатын кездесуді тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасынан тамашалай аласыздар.  

Қазақстан — Соломон аралдары 10:0 (4:0)

Голдар: Довгань 4 (1:0), Кнауб 9 (2:0), Дуглас 16 (3:0), Лео 18 (4:0), Кнауб 22 (5:0), Таку 28 (6:0), Дуглас 29 (7:0), Мун 29 (8:0), Таку 30 (9:0), Пенгрин 38 (10:0). 

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы топтағы бірінші ойында Аргентина құрамасына 1:0 есебімен жол беріп алған болатын. Екінші ойында Коста-Рика құрамасын 3:1 есебімен ұтқан еді.

Ө. Сансызбай