Қазақстандық футзалшылар Коста-Рика құрамасын ұтты (видео)

Қазақстандық футзалшылар Коста-Рика құрамасын ұтты (видео)
Фото: vk.com

Футзалдан Колумбияда өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Коста-Риканы ұтты. Бұл отандастарымыздың топтағы екінші ойыны.

Бразилиялық маман Какау жаттықтыратын Қазақстан құрамасы қарсыластарынан 3:1 есебімен басым түсті. Ойындағы алғашқы голды кездесудің 58 секундында-ақ Дуглас соқты. 15 минутта Алехандро Паньяга есепті теңестірді. Араға 1 минут сала Павел Таку Қазақстан құрамасын қайта алға шығарды.

Екінші таймда қазақстандық футзалшылар үшінші голын соқты. Айып добы соққысынан кейін Лео есепті 3:1-ге жеткізді. Нәтижесінде осы ойын соңына дейін сақталып, Қазақстан құрамасы алғашқы тарихи жеңісіне қол жеткізді.

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына екінші рет қатысып отыр. Алғаш рет 2000 жылы Гватемаледе өткен ІV әлем чемпионатына қатысқан болатын. «А» тобында Бразилиядан 1:12 есебімен, Португалия құрамасынан 2:6 есебімен ұтылып қалып, Гватемале футзалшыларына 5:6 есебімен есе жіберіп алған болатын.

 

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы топтағы бірінші ойында Аргентина құрамасына 1:0 есебімен жол беріп алған болатын. Отандастарымыз келесі кездесуін Соломон аралдары құрамасына қарсы өткізетін болады. Бұл ойын 19 қыркүйекке жоспарланған.

Коста-Риканы жеңген Қазақстан құрамасы 3 ұпаймен топта екінші орынға шықты. Ал 6 ұпайы бар Аргентина құрамасы айқын көш бастап келеді.

Футзалдан әлем чемпионаты 1989 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Төрт жылда бір өтетін доданың тарихында Бразилия құрамасы 5 рет, Испания құрамасы 2 рет жеңіс тұғырынан көрінген. Өзге елдің құрамалары бұл жетістікті әлі бағындыра қойған жоқ.

Ө. Сансызбай