Олимпиада чемпиондары өңірлерде дене шынықтырудан дәріс жүргізеді

Олимпиада чемпиондары өңірлерде дене шынықтырудан дәріс жүргізеді
Фото: massaget.kz

Рио Олимпиадасының чемпиондары мен қатысушылары еліміздің әр өңірінде дене шынықтыру пәнінен дәріс жүргізіп, бұқаралық спортты дамыту жобасын қолға алмақ. Шара Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

Әлеуметтік жобаға қатысуға Олимпиада чемпиондары Данияр Елеусінов пен Дмитрий Баландин келісімін берген.

- «Астана» президенттік спорт клубы сәуір айында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерінің қатысуымен үлкен әлеуметтік жобаны қолға алған еді. Жаңа жоба Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. Еліміздің әр өңірінде 25 дәріс жүргізу жоспарлануда, - дейді грек-рим күресінен екі дүркін әлем чемпионы, Атланта Олимпиадасының жеңімпазы, клубтың аға менеджері Юрий Мельниченко.

Өткен оқу жылында әлеуметтік жоба аясында бес дәріс өткізілген. Ол дәрістерге Олимпиада чемпиондары Ермахан Ибраимов, Ольга Шишигина, Валерий Тихоненко мен Серік Сәпиев қатысқан болатын. Енді бұл жоба Рио Олимпиадасының қаһармандарымен жалғасын таппақ.

- Жазғы демалыстан кейін әлеуметтік жобаның екінші кезеңін қолға алып отырмыз. Олимпиада чемпиондары Данияр Елеусінов пен Дмитрий Баландин жобаға қосылып отыр. Бес сабақ өтіп үлгерді. Алда – жиырма сабақ бар. Алдағы уақытта еліміздің әр өңірінде мұндай дәрістерді өткізуді көздеп отырмыз. Әзірдің өзінде Алматы, Қарағанды, Ақтөбе мен Атырау қалаларында өткізу жоспарымызда бар, - деді Юрий Мельниченко.

Айта кетейік, Юрий Мельниченко Астанада өткен «Отбасы күні» мерекесіне де белсене қатысқан болатын. Сондай-ақ, Астана денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастырған акциясына да өз үлесін қосқан еді. 

Ө. Сансызбай