Чемпиондар лигасы. «Лестер» тарихи ойынын жеңіспен бастады

Чемпиондар лигасы. «Лестер» тарихи ойынын жеңіспен бастады
Фото: google.kz

Футболдан Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі бірінші ойындар аяқталды. Өз тарихында алғаш рет доданың топтық кезеңіне шыққан ағылшындық «Лестер» сырт алаңда Бельгияның «Брюгге» клубын 0:3 есебімен ұтты.

«С» тобы

«Манчестер Сити» (Англия) - «Боруссия М» (Германия)

Ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілген «Манчестер Сити» мен «Боруссия М» арасындағы ойын бір күн кешігіп өткізілді. Хосеп Гвардиола жаттықтыратын адуынды алаң иелері неміс ұжымын 4:0 есебімен ойсырата ұтты. Ойында Серхио Агуэро хет-трик авторы атанса, төртінші голды Ихеаначо соқты.

«Е» тобы

«Байер» (Германия) – ЦСКА (Ресей)

Леверкузенде өткен ойында тең есеп тіркелді. Қос клуб топтағы алғашқы ойында 2:2 есебімен тарқасты.

«Тоттенхэм» (Англия) - «Монако» (Франция)

Ағылшындық «Тоттенхэм» өз алаңында Францияның «Монако» клубына ұтылды. Кездесуде 1:2 есебі тіркелді.

«F» тобы

«Легия» (Польша) - «Боруссия Д» (Германия)

Дортмундтық «Боруссия» сырт алаңда Польшаның «Легия» клубын 6:0 есебімен ойсырата жеңді.

«Реал» (Испания) - «Спортинг» (Португалия)

Өткен маусымда Чемпиондар лигасын жеңіп алған мадридтік «Реал» соңғы минуттарда «Спортингті» сан соқтырып кетті. Екінші тайм басында Сесар португалдық ұжымды алға шығарғанмен, ойынның негізгі уақыты аяқталуға 2 минут қалғанда Роналду өзінің алғашқы клубына гол соғып, таразы басын теңестірді. Ал қосымша уақытта Альваро Мората «корольдік клубқа» жеңіс сыйлаған голды соқты.

«G» тобы

«Брюгге» (Бельгия) - «Лестер» (Англия)

Ағылшындық «Лестер» түзде «Брюггені» үш доп басымдығымен ұтып қайтты. Бельгиялық ұжым қонақтар қақпасына гол соға алған жоқ.

«Порту» (Португалия) - «Копенгаген» (Дания)

«Порту» өз алаңында Данияның «Копенгаген» клубын ұта алған жоқ. Кездесуде 1:1 есебі тіркелді.

«H» тобы

«Ювентус» (Италия) - «Севилья» (Испания)

Туринде өткен ойында командалар бір-бір ұпайдан бөлісті. Кездесуде есеп ашылған жоқ.

«Лион» (Франция) - «Динамо З» (Хорватия)

Францияның «Лион» клубы өз алаңында Загребтің «Динамосын» 3:0 есебімен ұтты. 

Ө. Сансызбай