Алматыда грепплингтен әлем чемпионатының жолдамасы сарапқа салынады

Алматыда грепплингтен әлем чемпионатының жолдамасы сарапқа салынады
Фото: market.kz

10 қыркүйек күні Алматыда грепплингтен Азия және Мұхиттық елдер спортшыларының қатысуымен халықаралық турнир өтеді. Жарыста әлем чемпионатының жолдамалары сарапқа салынады.

Грепплингтен «ADCC» санатындағы (грепплингтен ең танымал халықаралық ұйым) Азия және Мұхиттық елдер арасындағы ірі турнир Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Спортшылар 2017 жылы Финляндия астанасы Хельсинкиде өтетін әлем чемпионатының 5 жолдамасына талас жүргізетін болады.

Алматыдағы додаға Азия мен Мұхиттық елдердің ең танымал спортшылары қатысады деп күтілуде. Жарысты Қазақстан бразилиялылық джиу-джитсу және грепплинг қауымдастығы ұйымдастырып отыр.

Айта кетейік, грепплинг - ережесіз жекпе-жекке ұқсас спорттың бір түрі. Мұнда спортшы қарсыластарына соққы жасап, күш қолданбайды. Нағыз техникалық шеберлік пен ақылдың спорты. Грепплингте дзюдо, бразилиялық джиу-джитсу, еркін күрес пен самбо әдіс-тәсілдері қолданылады. «ADCC» санатындағы халықаралық жарыстар 1998 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 

Ө. Сансызбай