«Қайрат» премьер-лигада 16 ойын қатарынан жеңілмей келеді

«Қайрат» премьер-лигада 16 ойын қатарынан жеңілмей келеді
Фото: vesti.kz

Футболдан ел біріншілігінің ХХIV турында «Қайрат» өз алаңында «Ақтөбені» 3:1 есебімен ұтты. Ал Көкшетаудың «Оқжетпес» клубы түзде «Ертісті» екі доп басымдығымен жеңді.

Павлодарда өткен ойында алаң иелері көкшетаулық клубқа есе жіберді. «Оқжетпес» жеңіске бастар жолды тауып, алаң иелері қақпасына екі гол соқты. Ойындағы есеп бірінші таймның ортасында ашылды. Бұл голды қарымта шабуылда Николас Каналес соқты. Екінші гол ойын аяқталар тұста есепке алынды. 88 минутта Марат Хайруллин мергендігімен көзге түсті.

Алматыда өткен «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы ойында 3:1 есебі тіркелді. Бірінші таймда Алексей Щеткиннің соққан голынан кейін ақтөбеліктер алға озған болатын. Алайда екінші таймда қайратына мінген «Қайрат» қонақтар қақпасына 3 гол соқты. 11 метрлік айып добынан Бауыржан Исламхан таразы басын теңестірсе, Ғафуржан Сүйімбаев пен Жерар Гоудың соққан голдары алаң иелеріне 3 ұпай сыйлады. Нәтижесінде Алматының «Қайрат» клубы премьер-лигадағы қатарынан жеңіліссіз келе жатқан ойындар санын 16-ға дейін жеткізді.

Айта кетейік, ХХIV турдың қалған ойындары ертең өтеді. Алғашқы алтылықта «Астана» мен «Ордабасы», екінші алтылықта «Жетісу» - «Тобыл», «Шахтер» - «Ақжайық», «Тараз» - «Атырау» командалары арасындағы ойын өтеді. 

Ө. Сансызбай