«Астанаға» «БАТЭ» қарсылас атанды

«Астанаға» «БАТЭ» қарсылас атанды
Фото: vk.com

Футболдан Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шыққан елордалық «Астанаға» Беларусь елінің «БАТЭ» футбол клубы қарсылас атанды. Қос ойын қорытындысы бойынша жеңіске жеткен ұжым доданың топтық кезеңіне өтеді.

Швейцарияның Ньон қаласындағы УЕФА-ның штаб-пәтерінде өткен жеребеде қазақстандық клубқа қарсылас болып «БАТЭ» түсті. Командалар арасындағы алғашқы ойын 18 тамыз күні Астанада, араға бір апта сала Борисов қаласында өтетін болады.

Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде жеңіске жеткен 22 клуб топтық кезеңге өтеді. Сондай-ақ топтық кезеңнен жарысты бастайтын 16 клуб қосылады. Топтық кезеңнің жеребесі 26 тамыз күні өтеді.

Айта кетейік, елордалық «Астана» Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Шотландияның «Селтик» клубына екі ойын қорытындысы бойынша есе жіберіп, жарысты Еуропа лигасында жалғастыруға мүмкіндік алған болатын.

«БАТЭ» футбол клубы қазақстандық жанкүйерлер үшін аса таңсық емес. 2013 жылы қарағандылық «Шахтер» дәл осы клубты екі ойын қорытындысы бойынша жарыс жолынан шығарған еді.

Ө. Сансызбай