«Астана» Чемпиондар лигасынан шығып қалды (видео)

О Сансызбай Корреспондент
«Астана» Чемпиондар лигасынан шығып қалды (видео)
Фото ©️ vesti.kz

Футболдан Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде елордалық «Астана» Шотландияда «Селтикке» есе жіберіп, Чемпиондар лигасынан шығып қалды. Дегенмен қазақстандық клуб еурокубок додасын Еуропа лигасында жалғастыратын болады.

БӨЛІСУ

Глазгодағы қарымта ойында 2:1 есебі тіркелді. Шотландиялық клуб маңызды екі голды да пенальтиден соқты. Бірінші тайм аяқталар тұста ойынның бас төрешісі Иштван Ковач (Румыния) Абзал Бейсебековті ойын ережесін бұзды деп танып, 11 метрлік айып добын белгіледі. Нәтижесінде Ли Гриффитс «Селтикті» алға шығарды.

56 минутта Азат Нұрғалиев гол соғып, көзге түскен еді. Бірақ румын төрешісі Азаттың ойыннан тыс қалғанын ескеріп, голды есепке алған жоқ. Дегенмен араға 10 минут сала «Астана» ойыншылары таразы басын теңестіре білді. Азат Нұрғалиевтің орнына шыққан Агим Ибраими Крейг Гордонның қателігін оңтайлы пайдаланып, нәтижені теңестірді.

Тартысқа толы өткен ойын тағдырын шешкен пенальти қосымша уақытта белгіленді. Игорь Шитов Мусса Дембелеге қарсы ойын ережесін бұзып, алаңнан қуылды. Ал «Селтик» ойыншысы маңызды голды соғып, командасын Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне алып шықты.

«Астана» Чемпиондар лигасынан шығып қалғанмен, еурокубоктағы жорығын Еуропа лигасында жалғастыратын болады. Қазақстандық клубтың плей-офф кезеңіндегі қарсыласы 5 тамыз күні Швейцарияның Ньон қаласында өтетін жеребеден кейін белгілі болады.