Геннадий Головкинге WBC чемпиондық белбеуі табысталды

О Сансызбай Корреспондент
Геннадий Головкинге WBC чемпиондық белбеуі табысталды
Фото ©️ vk.com

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) чемпиондық белбеуін ресми түрде иеленді. Салтанатты шара Мексика астанасы Мехикода өтті.

БӨЛІСУ

GGG WBC чемпиондық белбеуін Сауль «Канело» Альварес бас тартқаннан кейін иеленген болатын. Мексикалық боксшы қазақстандықпен жұдырықтасуды кейінге шегеріп, чемпиондық атағынан бас тартуды жөн санаған еді.

WBC - 1963 жылы Мексикада дүниеге келген бокс ұйымы. WBC ұйымының бокстағы жетістіктері ретінде бұл спорт түрінің мейлінше қауіпсіз болуына сіңірген еңбегін айтсақ болады. Бұл ережелер әлі күнге дейін бокста қолданылып келеді. Ол бойынша салмақ дәрежелерінің саны артып, соның арқасында қарсыластар тек өзіне ғана сай келетін спортшымен жұдырық түйістіруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, бұрынғы 15 раундтық жекпе-жекті 12-ге дейін қысқартты (чемпиондық кездесулерде). Рейтинг көтеру кездесулерінде ол 10 раундты құрайды.

WBC белбеуі – чемпиондық белбеулердің ішіндегі ең әдемісі саналады. Ол өзі тарихында безендірілуі жағынан бес мәрте өзгеріске ұшырады. Енді ол тек қошқыл жасыл теріден жасалынады. Ортасында таза алтыннан құйылған ресми медальоны бар. Оның айналасына WBC құрамына кіретін елдердің тулары орналасқан. Одан бөлек, дизайнерлер белбеудің екі жағына танымал боксшылардың суретін орналастырған.

Айта кетейік, Геннадий Головкин спорттық мансабындағы 36-шы жекпе-жегін 10 қыркүйек күні Лондонда британдық боксшы Келл Брукқа қарсы өткізеді.