Франция өз жеріндегі Еуропа чемпионатының финалына шықты (видео)

Франция өз жеріндегі Еуропа чемпионатының финалына шықты (видео)
Фото: vk.com

Футболдан Франция ұлттық құрамасы өз жерінде өтіп жатқан Еуропа чемпионатының финалына шықты. Дидье Дешам жаттықтыратын команда жартылай финалда Германия құрамасын жарыс жолынан шығарды.

Француздар ойынды ширақ бастап, немістерді алғашқы минуттардан қысымға алған-ды. Алайда бірінші таймның орта тұсына қарай Германия құрамасы доп ұстау мен шабуылда белсене түсті. Ал бірінші тайм аяқталар тұста Бастиан Швайнштайгер өз айып алаңында допты қолына тигізіп алды. Нәтижесінде италиялық төреші Никола Рицолли аз-кем ойланып, соңында пенальти белгіледі. 11 метрлік айып соққысынан Антуан Гриззман мүлт кеткен жоқ.

Екінші таймда да немістер алға ұмтылып, таразы басын теңестіруге ұмтылды. Десе де қарымта шабуылда алаң иелерінің адуыны байқалды. 72 минутта Йоахим Лев жаттықтыратын команданың қорғаушылары қателесіп, Антуан Гризманның дубль авторы атануына жағдай жасады. Поль Погбаның добын Мануэль Нойер қайтарғанмен, чемпионаттың үздік сұрмергені (6 гол) атанып келе жатқан Антуан допты қақпа торында тулатты. Одан кейінгі аралықта Германия құрамасы бар күшін шабуылға салғанмен, гол соға алған жоқ.

Франция құрамасы финалда Португалия құрамасымен ойнайтын болады. Криштиану Роналду бастаған жігіттер жартылай финалда Уэльс құрамасын ұтқан болатын. Финалдық кездесу 10 шілде күні өтеді. 

Ө. Сансызбай