Қазақстандық екі теннисші Рио Олимпиадасына жолдама алды

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстандық екі теннисші Рио Олимпиадасына жолдама алды
Фото ©️ vk.com

Қазақстандық теннисшілер Михаил Кукушкин мен Юлия Путинцева тамыз айында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алды. Екі теннисші де олимпиадалық рейтингті орындай білді.

БӨЛІСУ

Михаил Кукушкин мен Юлия Путинцева жекелей сында бақ сынайды. Ал Ярослава Шведова жұптық сайыста өнер көрсететін болады. Ол өзіне жұп ретінде қазақстандық теннисшілердің бірін таңдайтын болады. Соңғы ойындарында сәтсіз өнер көрсетіп жүрген Зарина Дияс Олимпиада ойындарынан тыс қалды.

Михаил Кукушкин Олимпиада ойындарына екінші рет қатысқалы отыр. Ол 2012 жылы Лондон Олимпиадасына да қатысқан болатын. Олимпиадалық рейтингте 35-орында, АТР рейтингінің 61-ші сатысында келеді. Ал Франция ашық біріншілігінде («Rolland Garros») сәтті өнер көрсетіп, ширек финалға дейін шыққан Юлия Путинцева олимпиадалық рейтингте 33-ші, WTA рейтингінде алғаш рет 35-орынға көтерілді.

Айта кетейік, Юлия Путинцева «Роллан Гарростың» ширек финалында әлемнің бірінші ракеткасы Серена Уильямспен ойнап, үш сет нәтижесі бойынша қарсыласына есе жіберген болатын. Америкалық теннисші финалға дейін жетіп, шешуші ойында испан теннисшісі Гарбинье Мугурусадан ұтылып қалды. Ерлер арасында Новак Джокович спорттық мансабында алғаш рет «Роллан Гарросты» ұтты.