Бейбіт Шүменов америкалық боксшымен жұдырықтасады

Бейбіт Шүменов америкалық боксшымен жұдырықтасады
Фото: zimbio.com

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменов (16-2, 10 КО) 21 мамыр күні Лас-Вегаста өтетін РВС шоуы кезінде америкалық Джуниор Райтпен жұдырықтасатын болды.

WBA тұжырымы бойынша уақытша чемпиондық белбеуге ие отандасымыз бен америкалық боксшы арасындағы жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған. РВС шоуы – әйгілі «Showtime» арнасында көрсетілетін ірі бокс кештерінің бірі. Бірақ, қазақстандық боксшының жекпе-жегі арна көрсетіліміне енбеген.

Джуниор Райт осыған дейін 15 жекпе-жек өткізген. Оның 14-де қарсыласынан басым түскен. 12-ін уақытынан бұрын аяқтаған. 1 жекпе-жегінде ғана жеңіліс тапқан. Бір жыл бұрын Мәскеуде өткен кездесуінде ресейлік Рахим Чакхиевтен 8 раундта нокаутпен жеңілген.

Бейбіт Шүменов соңғы рет өткен жылдың шілде айында шаршы алаңға шыққан болатын. Америкалық Би Джей Флоресті жеңіп, WBA тұжырымы бойынша уақытша чемпиондық белбеуге ие болған еді.

Ө. Сансызбай