Қазақстан құрамасы шведтерге есе жіберді (видео)

Қазақстан құрамасы шведтерге есе жіберді (видео)
Фото: vk.com

Хоккейден Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатының топтық кезеңінде Қазақстан ұлттық құрамасы Швеция құрамасынан 7:3 есебімен ұтылып қалды.

Бірінші кезеңде шведтер аса сауатты өнер көрсетіп, қазақстандық қақпашы Виталий Колесниковтың қақпасына 3 шайба соқты. Екінші кезеңде Андрей Назаров Виталийдің орнына Павел Полуэковты шығарды. Павел де Қазақстан құрамасын ірі есеп нәтижесінен құтқарып қала алмады. Ол да өз қақпасынан үш рет шайба алып шығуға мәжбүр болды. Дегенмен, екінші кезең аяқталар тұста ойыншы басымдығын ұтымды пайдаланған Қазақстан құрамасы есеп қысқартты. Найджел Доус бір шайбаны еншісіне жазды.

Қазақстан құрамасы үшінші кезеңді сәтті өткізді. 47 минутта Владимир Меркелов, араға 1 минут сала Роман Савченко шведтер қақпасына шайба соқты. Одан кейінгі аралықта да қазақстандық хоккейшілердің есепті қысқартуына мүмкіндігі болған. Бірақ көп тұста пайдалана алмады. Есесіне шведтер 55 минутта аз құрамда жүріп-ақ Қазақстан құрамасына 7-ші шайбасын соқты. Қорытындысында 7:3 есебімен жеңіске жеткен Швеция құрамасы топта 8 ұпаймен екінші орынға шықты.

Андрей Назаров жаттықтыратын Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 13 мамыр күні Чехия құрамасына қарсы өткізеді. 

Ө. Сансызбай