Қазақстан құрамасы Норвегияны ұта алмады (видео)

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстан құрамасы Норвегияны ұта алмады (видео)
Фото ©️ vesti.kz

Хоккейден Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық хоккейшілер Норвегия құрамасына есе жіберіп алды. Ойында 4:2 есебі тіркелді.

БӨЛІСУ

Ойын толықтай норвег хоккейшілерінің басымдығымен өтті. Бірінші кезеңде Йоханнес Йоханнессен мен Найджел Доус соққан шайбалар нәтижесі бойынша қос команда тең тарқасты. Екінші кезеңде норвегтер кезекті рет алға шықты. Кен Олимбтің соққан шайбасына Қазақстан құрамасы да жылдам жауап қайырды. Ойыншы басымдығында Брендон Боченский таразы басын теңестіргенмен, ойын аяқталғанша норвегтер тағы да есепте алға шығып кетті. Бұл жолы Матис Олимб шайба авторы атанды.

Үшінші кезеңде Қазақстан құрамасы таразы басын теңестіруге ұмтылды. Соңғы сәттерде қақпашыны ойыншыға дейін ауыстырды. Өкінішке орай, Андрей Назаровтың ұстанған жүйесі өз нәтижесін бере алмады. Норвегтер өз мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланып кетті. Матс Цукареллоның ашық қақпаға соққан шайбасы Скандинавия түбегінің өкілдеріне айқын жеңіс сыйлады.

Қазақстан құрамасы топтағы төртінші ойынын бүгін Швеция құрамасына қарсы өткізеді. Астана уақытымен сағат 23:15-те басталатын кездесуді «KazSport» арнасы тікелей эфирде көрсететін болады.