Премьер-лига. Алаң иелері ерлеген күн

Премьер-лига. Алаң иелері ерлеген күн
Фото: vk.com

Футболдан ел премьер-лигасының Х тур ойындары басталды. Бүгін өткен үш ойында да алаң иелері жеңіске жетті.

Павлодарда жергілікті «Ертіс» «Таразды» ұтты. Алаң иелері сапынан Роман Мұртазаев есеп ашса, бірінші тайм аяқталғанша Малик Мане таразы басын теңестірді. 56 минутта Марат Шахметов бұрыштан асырылған допты өз қақпасына енгізіп алды. Ойын соңына дейін «Ертіс» ойыншыларының бір емес, бірнеше рет есепті еселеуіне мүмкіндік болды. Бірақ, алаң иелері өз мүмкіндіктерін пайдалана алған жоқ.

3 ұпайды қоржынға салған «Ертіс» көш басына шықты. Ал Роман Мұртазаев осы маусымдағы жетінші голын соқты.

Шымкенттік «Ордабасы» өз алаңында Қарағандының «Шахтер» клубын ұтты. 22 минутта Азат Нұрғалиев 11 метрлік айып соққысын сәтті орындаса, екінші тайм басында Еркебұлан Тұңғышбаев өз еншісіне бір голды жазды. Нәтижесінде Бақтияр Байсейітов жаттықтыратын клуб турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді.

Батыстық дербиде «Ақтөбе» өз алаңында «Атырауды» ұтты. Ақ-қызылдарға жеңіс сыйлаған голды 74 минутта пенальтиден Дидар Жалмұқан соқты.

Х турдағы қалған үш ойын ертеңге жоспарланған. «Астана» өз алаңында «Ақжайықпен», «Жетісу» «Оқжетпеспен», Қостанайда «Тобыл» Алматының «Қайратымен» ойнайды. 

Ө. Сансызбай