Қазақстан құрамасы Ресейге есе жіберіп алды (видео)

Қазақстан құрамасы Ресейге есе жіберіп алды (видео)
Фото: vesti.kz

Хоккейден Қазақстан ұлттық құрама Ресей жерінде өтіп жатқан әлем чемпионатында мұз айдын иелеріне есе жіберді. Тартысқа толы өткен ойында ресейліктер 6:4 есебімен басым түсті.

Бірінші болып Ресей құрамасының ойыншысы Евгений Дадонов есеп ашты. Алайда артынша Қазақстан құрамасы сапынан Дастин Бойд таразы басын теңестірсе, Роман Старченко есепте алға шығарды. Жылдам екі шайба соққан Андрей Назаров командасы қайта жылдам екі шайба өткізіп те алды. Бірінші кезең аяқталар тұста Қазақстан құрама кезекті рет мұз айдын иелерін қапы қалдырып, есепті теңестірді.

Екінші кезеңді Ресей құрамасы басымдықпен бастады. Қазақстан құрамасы сәтті қорғанып, қарымта шабуылда өнер көрсетті. Кезең аяқталар тұста ойыншы басымдығына ие болған ресейліктер есепте алға шығып кетті.

Үшінші кезең басында Қазақстан құрамасы сапынан Максим Семенов кезекті рет есепті теңестірді. Бірақ, ойын соңына дейін Ресей құрамасы екі шайба басымдығына ие болып, жеңіске жетті. Бұл – мұз айдын иелерінің топтағы алғашқы жеңісі. Бірінші ойында ресейліктер Чехия құрамасына 3:0 есебімен ұтылған болатын. Ал Қазақстан құрамасы буллит сериясында Швейцарияны ұтқан еді.

Қазақстан құрамасы топтағы келесі кездесуін 10 мамыр күні Норвегия құрамасына қарсы өткізеді. 

Ө. Сансызбай