Лемье мен Стивенс Канело-Хан бокс кешінде қарсыластарын нокаутпен ұтты

Лемье мен Стивенс Канело-Хан бокс кешінде қарсыластарын нокаутпен ұтты
Фото: google.kz

Геннадий Головкиннен жеңілген канадалық Давид Лемье мен америкалық Кертис Стивенс Сауль Альварес пен Амир Хан арасындағы бокс кешінде шаршы алаңға шығып, қарсыластарын нокаутпен ұтты.

Кертис Стивенс қазақстандық боксшымен 2013 жылы жұдырықтасқан болатын. Отандасымыз америкалық боксшыны сегізінші раундта нокаутпен жеңген еді. Одан бергі аралықта Кертис Стивенс екі жекпе-жек өткізіп, бірін жеңіп, бірінде жеңілген.

Сауль Альварес пен Амир Хан арасындағы бокс кешінде Кертис Стивенс бразилиялық Патрик Тейшейраны жеңді. Екінші раундтан кейін төрешілер жекпе-жекті тоқтатып, америкалық боксшыны жеңімпаз ретінде таныды. Себебі, Кертистің жойқын соққылары қарсыласын есеңгіретіп тастаған болатын. Бразилиялық боксшы спорттық мансабында алғаш рет жеңілді.

Соңғы рет Геннадий Головкиннен жеңілген канадалық Давид Лемье де Сауль Альварес пен Амир Хан арасындағы бокс кешінде шаршы алаңға шықты. Америкалық Глен Тапиаға қарсы жекпе-жекте канадалық қарсыласын төртінші раундта ұрып құлатты. Глен Тапиа кездесуді жалғастыруға емеурін танытқанмен, бапкерлері мен дәрігерлер жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.

Ө. Сансызбай