Ержан Естанов Қытайдағы турнирде жергілікті "Кунг-фу монахты" жеңді (видео)

Ержан Естанов Қытайдағы турнирде жергілікті "Кунг-фу монахты" жеңді (видео)
Фото: vk.com

Кәсіби панкратионнан әлем чемпионы, ММА спортында ел абыройын асқақтатып жүрген қазақстандық спортшы Ержан Естанов Қытайда өткен «Art of War» турнирінде жергілікті спортшы Лю Ленджені жеңді.

"Кунг-фу монах" деген атпен танымал қытайлық спортшы Ержанға қарсы жекпе-жекте қарсылық таныта алмады. Ширақ қимылдап, бірінші нөмірмен өнер көрсетуге тырысқан Лю Лендже тәжірибелі қазақстандық спортшының қапысын табуға тырысты. Ал оңайлықпен есесін жібермейтін Ержан өз жоспарын сәтті жүзеге асыра білді. Қарсыласының қателігі мен осал тұсын дәл бағамдап, соққыларын дарыта білді. Нәтижесінде төрешілер отандасымызды бір ауыздан жеңімпаз ретінде таныды.

Қытайдағы турнирге Руслан Серікпұлов та қатысқан болатын. Ол да намысты қолдан берген жоқ. Қытайлық қарсыласы Чунбо Янды қылқындыру әдісі арқылы айқын жеңіп шықты.

Айта кетейік, Ержан Естанов сәуір айында Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде өткен бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионатында қола жүлде алған болатын.  

Н. Үсенова