Футболдан ел кубогының ширек финалдық жеребесі тартылды

Футболдан ел кубогының ширек финалдық жеребесі тартылды
Фото: vk.com

Футболдан ҚР кубогының ширек финалында бір-біріне қарсылас атанған клубтар белгілі болды. Жеребе тастау рәсімі Астана қаласындағы кәсіби футбол лигасының кеңсесінде өтті.

Ел кубогының ширек финалына премьер-лиганың 7 командасы мен бірінші лигадан Петропавлдың «Қызылжар СК» клубтары шыққан болатын. Жеребе қорытындысы бойынша «Қызылжар СК» 1/4 финалда елордалық «Астанамен» ойнайтын болды.

Өткен маусымда ел кубогын жеңіп алған Алматының «Қайратына» Талдықорғанның «Жетісу» клубы қарсылас атанды. Ал «Атырау» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» клубымен жартылай финалға берілетін жолдаманы сарапқа салатын болады. Бұл маусымды сәтті бастаған Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен Павлодардың «Ертісі» бір-біріне қарсылас атанды.

Ширек финалдағы кездесулер бір ғана ойыннан тұрады. Бұл ойындар 25 мамырға жоспарланған. «Қызылжар СК», «Атырау», «Жетісу» мен «Оқжетпес» өз алаңдарында ойнайды.  

Ө. Сансызбай