«Атлетико» «Баварияны» бірінші ойында ұтты (видео)

О Сансызбай Корреспондент
«Атлетико» «Баварияны» бірінші ойында ұтты (видео)
Фото ©️ vk.com

Футболдан Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы «Атлетико» мен «Бавария» арасындағы бірінші ойын аяқталды. «Висенте Кальдерон» стадионында өткен ойында алаң иелері жеңіске жетті.

БӨЛІСУ

Хосеп Гвардиола негізгі құрамда Томас Мюллер мен Франк Рибериді шығарған жоқ. Әсіресе, Мюллердің ойында жоқтығы анық байқалды. Ал алаң иелері сапында ойынға шыққан Хименес Диего Годиннің орнын жоқтатқан жоқ.

Мадридте өткен ойын аса ширақ басталды. Ағылшын төрешісі ысқырығы шалынысымен қос клуб жылдам есеп ашудың жолын іздестіре бастады. Жиі қақтығыстар да орын алып тұрды. Көп ретте Марк Клаттенбург қақтығыстарға көз жұма қараумен болды.

11 минутта Сауль Ньигес «Баварияның» үш бірдей қорғаушысын алдап өтіп, ойында есеп ашты. Жеке басының шеберлігіне үміт артқан ойыншының соққысын Мануэль Нойер қайтара алмады. Нәтижесінде осы маусымдағы Чемпиондар лигасының ең әдемі голдарының бірін соқты.

30 минутта Антуан Гризманның есепті еселеуіне мүмкіндік болған. Бұл тұста мюнхендік клубтың қақпашысы өз қақпасын голдан аман алып қалды. Бірінші тайм соңына қарай «Бавария» жиі шабуылдағанмен, нәтиже шығара алмады.

Екінші таймда «Атлетико» ойыншылары қорғанысқа назар аударумен болды. Қарымта шабуылда қарсыласты тұсауға бел буғандай сыңай танытты. Ал Хосеп Гвардиола командасы доп ұстау басымдығын арттыра түсті.

55 минутта Давид Алабаның жойқын соққысы қақпа бағанынан қайтты. Егер таразы басы теңескенде, бұл да әдемі соғылған голдардың бірі болары сөзсіз еді. 74 минутта Артуро Видаль да Алаба секілді алыстан соққы бағыттап көрді. Бұл жолы Ян Облак допты бақылай біліп, командасын голдан құтқарып қалды. Артынша қарымта шабуылға шыққан «Атлетико» ойыншылары есепті еселеуге тамаша мүмкіндік алды. Алайда Фернандо Торрестің бағыттаған добы қақпа бағанынан кері серпілді.

«Бавария» доп ұстауда айқын басымдық (39%-61%) танытқанмен, есепте жеңіліс тапты. 11 минутта Сауль Ньигестің соққан голы «Атлетикоға» бірінші ойында жеңіс сыйлады. Қарымта ойын 3 мамыр күні Мюнхенде өтеді.

Айта кетейік, мадридтік «Атлетико» осы маусымдағы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде елордалық «Астанамен» бір топта ойнаған болатын.