«Манчестер Сити» мен «Реал» бірінші ойында тең тарқасты (видео)

«Манчестер Сити» мен «Реал» бірінші ойында тең тарқасты (видео)
Фото: vk.com

Футболдан Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы «Манчестер Сити» мен «Реал» арасындағы бірінші ойын аяқталды. «Эттихад» стадионында өткен ойында есеп ашылмады.

Бірінші таймда қос клуб қорғаныста аса сауатты ойнады. Қауіпті шабуылдар орын ала қойған жоқ. Қақпаға тура бағытталған соққылардың өзі жоқтың қасы болды.

Екінші таймды Мануэль Пеллегрини шәкірттері ширақ бастағанмен, ойын соңына дейін өз басымдықтарын ұстап тұра алмады. 60 минуттан аса мадридтік клуб ойын тізгінін өз қолына алды. «Реал» жиі шабуылдар ұйымдастырып, Джо Харт қақпасына қауіп төндіре бастады. Тони Кроос пен Гарет Бэйлдың бағыттаған добы қақпа бағанын жанап өтсе, 70 минутта Хесенің баспен ұрған добы қақпа маңдайшасына тиді.

79 минутта Каземироның, араға 2 минут сала Пепенің бағыттаған қауіпті соққыларын қақпашы Джо Харт қайтара білді. Нәтижесінде командасын жеңілістен құтқарып қалды. Әсіресе, португалдық қорғаушы өзіне берілген тамаша мүмкіндігін гол айналдыра алған жоқ. Ал ойын соңына қарай Пепе Рахим Стерлингтен допты сәтті алып, мадридтік жанкүйерлердің қошеметіне бөленді.

Айта кетейік, ойынға қатыспауы мүмкін саналған Карим Бензема алаңда бір тайм өнер көрсетті. Екінші таймда оның орнына Хесе шықты. Ал алаң иелері сапынан Давид Сильва жарақат алып қалды.

Сондай-ақ, бұл ойынға мадридтік клубтың көшбасшысы Криштиану Роналду қатысқан жоқ. Ол жарақатына байланысты алаңға шыға алмады. Тіпті, келесі ойынға қатысуының өзі белгісіз болып отыр. 

Қос клуб арасындағы қарымта ойын 4 мамыр күні Мадридте өтеді.

Ө. Сансызбай