2020 жылғы Олимпиаданың жаңа танымбелгісі таныстырылды

2020 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарының жаңа танымбелгісі (эмблема) таныстырылды. Осыған дейін таныстырылған танымбелгі көшірме (плагиат) екені анықталып, дауға қалған болатын.

Олимпиаданың жаңа танымбелгісі шахмат тақтасы секілді өрнектермен айшықталған. Мұндай өрнектер Жапонияда Эдо дәуірінен (1603-1867) бері танымал. Танымбелгідегі әр тікбұрыш әлемдегі елдер мен оның мәдениетін, ал спорт олардың барлығын біріктіретінін білдіреді. Олимпиада атауы («Tokyo 2020») танымбелгінің түсімен жазылған. Төменгі бөлігіне Олимпиаданың 5 сақинасы қойылған.

Ал Паралимпиада белгісі де шахмат тақтасы секілді жасалған. «Tokyo 2020 Paralympic Games» сөздері мен Паралимпиада белгісі қойылған. 

Айта кетейік, Токионың 2020 жылғы Олимпиаданы өткізетіні Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) 2013 жылы Буэнос-Айресте өткізген 125-отырысында белгілі болған еді. Төрткүл дүниенің кіл мықтылары бақ сынайтын дода 24 шілде 9 тамыз аралығына жоспарланған. Ал Паралимпиада 25 тамыз бен 6 қыркүйек арасында өтеді.