Улан-Баторда кімдерге үміт артамыз?

22-24 сәуір аралығында Моңғолия елінің астанасы Улан-Баторда күрес түрлерінен Рио Олимпиадасына жолдама тарататын әлемдік іріктеу турнирі өтеді. Бұл жарысқа Қазақстан құрамасы сапында 6 балуан аттанды.

Улан-Батордағы әлемдік іріктеу турнирінде ерлер арасында 3 жолдамадан (әр салмақ дәрежесі бойынша), әйелдер арасында 2 жолдамадан беріледі.

Грек-рим күресі бойынша 66 келіге дейінгі салмақта Мейрамбек Айнағұлов, 85 келіде Асхат Ділмұхамедов, 98 келіге дейінгі салмақта Ерұлан Ысқақов ел намысын қорғап, Рио Олимпиадасы жолдамасына таласатын болады. Қазіргі таңда грек-рим күресі бойынша қазақ балуандарының еншісінде 3 жолдама бар. Астанада өткен іріктеу турнирінде Нұрмахан Тінәлиев (130 келі) жолдамаға ие болса, 2015 жылы Лас-Вегаста (АҚШ) өткен әлем чемпионатында Алмат Кебісбаев (59 кг) пен Досжан Қартықов (75 кг) қола медаль алып, Рио жолдамасын жеңіп алған еді.

Еркін күресте 65 келіге дейінгі салмақта Ұлан-батырға Саятбек Оқасов барады. 2015 жылы Лас-Вегаста өткен әлем чемпионатында Артас Сана (57 келі) қола медаль иеленіп, Олимпиада жолдамасын алған еді. Ал Астанада Ғалымжан Өсербаев (74 келі), Аслан Кахидзе (86 келі), Мамед Ибрагимов (97 келі) пен  Дәулет Шабанбай (125 келі) да қарсыластарын жеңіп, Рио жолдамасын иеленген болатын.

Әйелдер арасындағы күрес бойынша Қазақстан құрамасы Астанадағы іріктеу турнирінде 4 жолдамаға ие болған. Нақтырақ айтсақ, 48 келіде Жұлдыз Ешімова, 63 келіде Екатерина Ларионова, 69 келіде Эльмира Сыздықова мен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Гузель Манюрова Риоға баруға жолдама алған еді. Енді Ұлан-батырдағы іріктеу турнирінде 53 келіге дейінгі салмақта Айнұр Исмағұлова мен 58 келіге дейінгі салмақта Аяулым Қасымова боз кілемге шығатын болады.

Айта кетейік, Олимпиада жолдамасы жеке балуанға емес, салмақ дәрежесіне беріледі. Төрт жылда бір рет өтетін додаға бабында жүрген балуан баратын болады.