Еуропа лигасының жартылай финалына шыққан клубтар анықталды

Еуропа лигасының жартылай финалына шыққан клубтар анықталды
Фото: vk.com

Футболдан Еуропа лигасының жартылай финалына шыққан барлық клубтар белгілі болды. Назарларыңызға түнде өткен қарымта кездесулер нәтижесін ұсынамыз.

Екі жыл қатарынан жеңіске жеткен «Севилья» өз атағын қорғап келеді. Ширек финалда Бильбаоның «Атлетик» клубымен ойнап, екі ойын қорытындысы бойынша тең тарқасты. Бильбаода «Севилья» 2:1 есебімен жеңіске жетсе, Севильяда «Атлетик» 2:1 есебімен басым түсті. Нәтижесінде жартылай финал жолдамасы ойын соңындағы пенальти сериясында анықталды. 5:4 есебімен жеңіске жеткен алаң иелері жартылай финалға шықты.

Еуропа лигасының ширек финалындағы тартысты ойындар «Ливерпуль» мен дортмундтық «Боруссия» арасында өрбіді. Қос клуб бірінші ойында 1:1 есебімен тең ойнады. Ал түнде өткен қарымта ойында Юрген Клопптың бүгінгі шәкірттері қарсыластарын 4:3 есебімен ұтып, жартылай финалға шықты.

Ширек финалда фаворит саналған Донецкінің «Шахтер» клубы мен Испанияның «Вильярреал» командалары да жартылай финалға шықты. Украиналық клуб қос ойын қорытындысы бойынша Португалияның «Брагасынан» 6:1 есебімен басым түссе, «Вильярреал» Праганың «Спарта» клубын жарыс жолынан шығарды.

Н. Үсенова