«Қазақстан барысына» қатысатын Астананың балуандары іріктелді

«Қазақстан барысына» қатысатын Астананың балуандары іріктелді
Фото: facebook.com, massaget.kz

Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің Астана қалалық іріктеу жарысы аяқталды. Бұл туралы жарыстың «facebook» желісіндегі парақшасы хабарлап отыр.

«Дәулет» спорт кешенінде өткен жарыс қорытындысы бойынша 2016 жылғы «Қазақстан барысының» шешуші кезеңінде Астана қаласының намысын Айбат Сейтен мен Айтуар Абдулов қорғайтын болды. Айбат еліміздегі ірі доданың финалдық кезеңіне екінші жыл қатарынан шығып отыр.

Қазіргі таңда 2016 жылғы доданың финалдық кезеңіне берілер жолдама үшін еліміздің барлық өңірінде іріктеу жарыстары басталып кетті.

Айта кетейік, 2015 жылы Астана қаласы атынан «Қазақстан барысына» қатысқан Ғани Сейділдаев қола белбеу жеңіп алған болатын. Биыл Ғани 100 келіге дейінгі салмақта екінші орын алып, іріктеуден өте алмады.

Ө. Сансызбай