Абылайхан Жүсіпов ел абыройын асқақтатты

Абылайхан Жүсіпов ел абыройын асқақтатты

Бокстан Қытайдың Цяньань қаласында өтіп жатқан Олимпиадаға іріктеу турнирінде Абылайхан Жүсіпов финалда моңғол боксшысы Чинзориг Баатарсухты жеңіп, чемпион атанды.

64 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын отандасымыз Қытайдағы турнирде барын салып, бабында екенін байқатты. Алғашқы жекпе-жегін үндістандық боксшы Манож Кумарға қарсы өткізіп, айқын басымдықпен ұтты. Екінші кездесуін осы салмақтағы үздік боксшы саналған оңтүстік кореялық Хунчул Лимді ұтса, жартылай финал үшін өткен жекпе-жекте аустралиялық Дэвид Бидллді 3:0 (30:25, 30:26, 30:27) есебімен жеңді.Жартылай финалда қытайлық Цянксун Худі жеңіп, Рио Олимпиадасына жолдама ұтып алды. Ал финалда моңғол боксшысын 2:1 (30:27, 28:29, 29:28) есебімен жеңіп, ел абыройын асқақтатты.

Айта кетейік, Қытайдағы Олимпиадаға іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы 7 жолдама жеңіп алды. Ал жүлделер саны бойынша қазіргі таңда ел қоржынында 2 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде бар.

Ө. Сансызбай